«2014 жылы Түркістанға 30 мың турист келген»

507

Өткен жылы Түркістан қаласындағы облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа 30 мыңға жуық турист қыдырып келген. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат баспасөз орталығында өткен брифингте  орталықтың директоры Г.Дүйсенбаева мәлімдеді.

001

2011 жылы Елбасының қатысумен ашылған бұл орталықта ежелгі тарихи дәуірден бастап тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтитын 8 экспозиция бөлім қызмет етеді.

‒ Өткен жылы тарихи-мәдени-этнографиялық орталық 175 жәдігермен толығып, 38 тұрақты және 16 жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар 1327 экскурсия, 222 лекция, 114 көпшілік іс-шара өткізіліп, ақылы қызметтен екі жарым миллионнан астам теңге түсті. Ал биылдың бес айында орталыққа келушілер саны 10 мыңнан астам адамды құраса, 20 тұрақты және 8 көрме, 621 экскурсия, 130 лекция, 64 көпшілік іс-шара өткізіліп, осы уақыт аралығында орталық 92 жәдігермен толықтырылды. Жалпы, орталықта бүгінгі таңда 5 мыңнан астам жәдігер бар, ‒дейді Г.Дүйсенбаева.

Орталық директоры құнды жәдігерлерді насихаттау мақсатында оқушылардың демалыс лагерлері мен Қызылорда облысының Жаңақорған елдімекеніне, облысымыздың Арыс, Кентау, Темірлан елдімекендеріне көшпелі көрме ұйымдастырып жатқанын баяндады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі