Шымкентте «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыру басталды

Шымкентте құжат тапсыруға болады

Енді талапкерлерге «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсуге құжат тапсыру үшін Астанаға барудың қажеті жоқ. Шетелде оқуға ынтасы барлар білім саласына қатысты барлық мәселелерін Шымкентте де шеше алады. Бұл туралы бүгін жастар орталығында өткен брифингте айтылды.

14-мамырдан бастап жаңа оқу жылы бойынша Жастар орталығында «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау басталды. Өтініштерді талапкерлер 31-шілдеге дейін өткізе алады. Ал конкурс 4-маусым мен 2013 жылдың 31-қаңтары аралығында жүргізіледі.

Биылғы жылы оқуға қабылдауда бірқатар өзгерістер бар. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің орташа балы азайып және жұмыс өтіліне байланысты жеңілдіктер қарастырылды. Мәселен, өткен жылдары олардың жұмыс өтілі  3  жыл болуы міндеттелсе, биыл ол екі жыл деп көрсетілді. Ал дипломның орташа балы өткен жылы 4,5 болса, биылдан бастап 4,0 балдық көрсеткіше түсірілді. Осындай сынды бірнеше өзгерістердің біз өңір-өңірлерді аралай отырып, халықтарға тыныстырмақпыз»,- дейді  құжаттарды қабылдау және конкурсты ұйымдастыру бөлімінің жетекші менеджері Дидар Байжанова. 

Әлемнің жетекші оқу орындарына оқуға мүмкіндік беретін бағдарлама бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауды басты мақсат тұтады. Айта кетсек, «Болашақ» бағдарламасы 2011 жылдан бастап, бакалавр мамандарын дайындауды тоқтатқан болатын. Енді «Болашақ» стипендиясына тек магистрлар мен доктор ПСД-лар ғана ие бола алады.

Оқуға түсуге қажетті құжаттардың тізімі:

1. Негіздеме-өтініш;

2. Сауалнама;

3. Жұмыс берушінің маман даярлауға тапсырысы;

4. Жеке куәліктің және паспорттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

5. Дипломның нотариалды куәландырылған көшірмесі (қосымшасы бар бакалавр немесе маман дипломы);

6. 0-82/у медициналық анықтама;

7. Еңбек қызметін растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

8. Зейнетақы қорынан  ресми анықтама- жазба;

9. Ол бар болған жағдайда шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы нақты ресми сертификаттың көшірмесі.

Конкурс бес бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде үміткердің шет тілін білу деңгейі анықталады.

Екінші бөлімде үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады.

Үшінші бөлімде оның оқуға және шет елде тұруына қабілетіне психологиялық диагностика жүргізіледі.

Төртінші турда ҚР-ның Конституциясын, қазақстан тарихын, мемлекеттік символдарды білу, үміткердің кәсіптік даярлығының деңгейі анықталады.

Бесінші турда барлық бөлімдердегі нәтижелерін есептеу арқылы, бесінші турға жіберіледі.