ҰБТ-да 121 балл жинады

Облысымызда ҰБТ-да жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген Шымкент қаласындағы № 43 жалпы орта мектептің түлегі Ғазиз Сарсебеков. Ол ҰБТ-да 121 балл жинап, абыройы асқақтады. Айтуына қарағанда, ол өзінің 110-нан жоғары балл жинайтынына сенімді болыпты. Себебі 8 ай бойы сабақтан соң қосымша курсқа барып, білімін тереңдетумен айналысқан. Ғазиз Қазақстан тарихы және физика пәнінен қиындық тудыратын сұрақтар бар екенін айтып отыр. Мысалы, «Троицк қаласындағы орыс-қазақ мектебі қай жылы ашылған?» деген сұрақты ол тарих пәні бойынша дайындалып жүріп кездестірмегенін айтады. Өзі бітірген мектеп ұжымына, ұстаздарына, өзін қолдаған барлық туыстары мен достарына алғыс айта отырып, әлі де ҰБТ тапсыратын замандастарына бастысы саспау керектігін айтады.

 Ғазиз Сарсебеков, Шымкент қаласындағы № 43 жалпы орта мектептің түлегі:

— Бізбен апта сайын мектептің психологтары жұмыс істеді. Олар қандай жағдайда да сабырлылық танытып, тест парақшаларына аспай-саспай білгеніңді уақытты тиімді пайдалана отырып белгілеу керектігін айтатын. Сондай-ақ түрлі жағдайларда өзіңді қалай ұстау керектігі жөнінде тренингтер өткізіп тұрды. Міне, осының бәрі өз көмегін тигізді деп ойлаймын.

С.ҚАЛЫБАЙ