ҰБТ. Ең төменгі көрсеткішке де қол жеткізе алмағандар жетерлік

294

Біздің өңірімізде де бүкіл Қазақстандағыдай, ҰБТ науқаны жалғасып жатыр. Күні бүгінге облысымызда 14566 түлек сынақтан өтті. Алдын-ала мәліметтер бойынша, қазіргі орта көрсеткіш облыс бойынша, 67 балды құрайды деп хабарлады облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Серік Әуесханов. Оның ішінде Шымкенттік түлектердің білім көрсеткіші 74,1 балға жеткен.

Облысымызда биылғы жылы ҰБТ маусымның 1-і мен 9-ы аралығында өтеді деп белгіленген.  Кейбір сынақ пункттерінде ата-аналар мемлекеттік сынақтың өтуіне кедергі келтіріп, мәдениетсіздігін көрсеткен. Бүгін біз апелляциялық шағым келтірген жастармен тілдестік.

ОҚМУ-нде түлектердің екінші легі де тест тапсырып үлгерді. Соңғысы маусымның үшіне аяқталған болатын. Осы уақыт аралығында апелляциялық комиссияның алдына 100-ден астам шәкірт келіпті. Солардың бірі Айзада Махамбеталиева. Ол №7 мектептің түлегі. 97 балл жинаған қыз жаратылыстану пәнінен берілген бір сұраққа күмәнмен қарап, соны дәлелдеуге тырысты.

Айзада Махамбеталиева,ҰБТ тапсырушы: «Сұрақ-жауапта мен шығарған есептің нақты жауабы жоқ».

Түлектерден бөлек, ата-аналар қауымы да ұл-қызы үшін шырылдап жүр.

Ата-ана: «Сұрақтар қиындаған. Бәрін ауыстырып тастаған. Екіге оқыған бала 120 алып жатыр. Мұны қалай түсіндіресіз? Ал оқығандар төмен балл алып қалып жатыр. Өз күшімен жинады бұл бағаны».

Сөйтіп, не керек, биылғы ҰБТ барынша қиын және қатал болды дейді. Алтын белгіге бітіруге өтініш білдіргендердің тек 14 пайызы ғана өз білімін дәлелдеп шыққан. Олардың біразы осы апелляциялық комиссияның алдында абыржып жүр. Ал ендібірі тіпті, ең төменгі межедегі көрсеткішке де қол жеткізе алмапты.

Гүлнар Имашева, БҒМ өкілі: «Қазірдің өзінде апелляция 50. Бүгін апелляция берушілер көп».

Сонымен, бүгінгі апелляциялық комиссия өз жұмысын аяқтады. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір түлектің жауабы Астанадан қанағаттандырылмапты. Әуреге түскен шәкірттер жауабын дәлелдей алмай шаршады.