Әйтеке бидің сүйегін қайта жерлеуге қарсы болдым

Әйтеке би кесенесінің құрылысы

(Жалғасы. Басы өткен нөмірлерде)

 Алайда әйгілі Әйтеке бидің кесенесін көру- жергілікті халықтың ежелгі арманы екенін де жасырған жоқ. Сайд қажының кезінде имам болған арғы бабасы Әйтеке бидің замандас досы болыпты. Қария 125 жыл жасап, өмірден өткен. Бірақ Әйтеке бабаның басы қарайғанын көру бақыты оған бұйырмапты. «Бабам о дүниеге осы бір жалғыз-ақ арманмен аттанып еді» деп, Сайд қажы жабырқап қалды.

Әңгіме үстінде біраз жайттарға қанық болдық. Негізінен Төртқара руынан шыққан жергілікті қазақтар Әйтеке биге мазар салу мақсатында қорға жиналған қаражатқа зират жанынан 6 гектардай жерді ұзақ мерзімді жалға сатып алыпты. Үш мың жылдық тарихы бар бұл қорымда дүниеден өткен өзбек, тәжік, қазақ, қарақалпақтың бәрі қатар жерленген. «Тіріде базарымыз, өлген соң мазарымызортақ халықпыз» дейтініміз осы шығар…

Сөз соңында, Сайд қажы мен Шады аканың біздерге сездірген сенімсіздігіне қарамастан, қайткенде де Әйтеке бабамызға қысқа мерзімде кесене тұрғызу үшін мүмкін болатын да, мүмкін болмайтын да әрекеттің бәрін жасаймыз деп нақ сол жерде уәде бердік. Біздің ойымызды дұрыс түсінген Сайд қажы қолын жайып, батасын беріп, сәттілік тіледі.

Ең қауіпті өтірік – сәл-пәл бұрмаланған шындық

… Алаш арыстары айтқандай, «Әумиін» деп қол жайып, «Әуіп» деп күш салып, «Алла» деп іске кіріспес бұрын, алдымен өз анаммен ақылдасқам, әрине. Көпті көрген кісі емес пе, бастапқыда біраз ойланды: «Ниетің дұрыс-ау, бірақ, бұл кесенені тұрғызуға сендерден бұрын әрекет қылып, ештеңе тындыра алмай қалған кейбір кісілерден қызғаныш, не іштарлық тауып жүрмес пе екен кейін? Біткен іске – қожа да көп, сыншы да көп болады. Ал ақиқаттың жолы азап, айдауда жүрмейтін кезі жоқ. Сондықтан, жақсылық жасаймын деп жүріп, жау жинап алмасаң жарар еді… Қайдам, балам, ойлан…» деген алаңдаушылығын білдірді. Алайда, артынан, алған бетімізден қайтпайтынымызға әбден көзі жеткен соң, біздерге амалсыз » Іске сәт» деп, ақ батасын берді.

Менің анам, Жұпар Мадуанқызы – Төле бидің кіші ұлы Жоланның жетінші ұрпағы. Зейін -зердесі мықты, бірегей адам. Ал әжем, әкемнің шешесі Ұлту Байтасқызы – Орта жүздің, Қобыланды батыр шыққан Қара қыпшақ руының қызы болатын. Әжемнің анасы да Төле би тегінен, Жолан руының қызы екен. Сондықтан біздің отбасымызда әжемнің менің анама үнемі әзілдеп отыратын: «Төле бабама сенен гөрі мен бір ата жақынмын» деген сөздері көңілге әрдайым күншуағындай қуаныш тудырушы еді…

Көп ұзамай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына келді жұмыс сапарымен. Мен Елбасымен Сарыағаш қаласында жүздесіп, Нұрата жерінде Әйтеке биге кесене тұрғызу жобасы жайлы баяндадым. Мемлекет басшысы біздің жоспарымызды толық мақұлдап, құрылысты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Ташкентте мен Өзбекстанның тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру және қорғау комитетінің төрағасы Равшанбек Мансұров мырзамен таныстым. Біз Елшіліктің кеңесшісі Талғат Ыбырай екеуміз ол кісіге арнайы жолығып, кесене құрылысының жай-жапсарын егжей-тегжейлі кеңестік. Айта кетейін, Равшанбек Мансұров – терең тарихшы, ғалым-этнограф, шын мәніндегі мемлекетшіл адам. Ол кісінің Әйтеке бабаның кесенесін көруді көксеген мыңдаған жанның перзенттік тілегіне қол жеткізуге көп септігі тиді. Ал құрылыс аяқталған соң, «Сейітқұл баба – Әйтеке би» кешенін мемлекеттің қорғауына алынған нысандар тізіміне қосты.

Равшанбек мырза жобаның есеп-қисаптық құжаттарын да жедел жасап берді. Осы арада басқа бір кедергі туындады. Өзбекстанның заңнамасы бойынша кесененің ұзыны мен ені екі жағынанда 6 метрден аспауға тиіс екен. Әдепкіде амалсыз келісуге тура келді. Дәл сол күндері Ташкентке Жетісай қаласы арқылы қадірлі ақсақалдарымыз Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков және Ақселеу Сейдімбеков келе қалды. Тура әуежайдың ішінде мен оларды болашақ құрылыстың жобасымен таныстырдым. Әрі баталарын алдым.

***

Қалай болғанда да, мен осы іске кірісер алдындағы анамның алаңдаушылығын бір сәт те есімнен шығармай, қолға алып жатқан жұмысымызға іші жыли қоймаған кейбіреулердің тарапынан жеткен қаңқу сөздерге мән бермеуге тырысып, алып-қашпа әңгімеден алшақ жүргім келді.

Сейітқұл әулие мен Әйтеке баба бейіті бір-бірінен 5 жарым метрдей алшақ жатыр. Осыны ескере келе, Равшанбек мырза Әйтеке бидің сүйегін Сейітқұл әулиеге жақындатып қайта жерлеуді ұсынды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Қазақы жолмен келгенде, бұлай істеуге мүлде болмайтын еді. Ал ата жолымен қарасақ, бұл үшін бізді, соның ішінде осы тірлікке түрткі болып жүрген мендей Ұлы жүздің перзентін Кіші жүздің бірде-бір баласы көшірмесі анық-ты. Сондықтан мен оған бұл жағдайдан шығудың басқа жолын қарастырып көруді өтіндім. Ақыры оның шешуі табылды да. Біз кесенені екі камералы қылып соғуды ұйғардық. Осыған қатысты жергілікті республика басшылығы мен біздің арадағы қосымша келісім құжаттары мен жекелеген мәселелерді Мансұров мырзаның өзі ретке келтірді. Бұл бағытта менің байырғы досым, Өзбекстан Президентінің Іс басқарушысы болып істейтін Зелимхон Хайдаров мырзаның да зор қолдауы болғаны рас.

Осылайша принципті деген барлық түйінді мәселелер шешілген соң, Қаражан, Бернард және менің кіші ұлым Темір төртеуміз Нұратаға қарай жол тарттық.

Бейіт басында Сайд қажы құран оқыды, сөйтіп бір қара малды құрбандыққа шалып, етін жоқ-жітік жандарға таратып бердік. Сол жерде біз бұл құрылыс жайында бұқаралық ақпарат құралдары түгілі, көлденең кісіге тіс жармауға, әртүрлі әңгімелер туындамас үшін жұмыс толық біткенше құпия ұстауға келісіп, қол алыстық. Ұлы істер үндемей тындырылады ғой. Біз де осы қағиданы ұстандық.

***

Енді ең басты нәрсеге тоқталайын. Әрине, ол – жобаны қаржыландыру мәселесі. Алдымен «Әйтеке би» қоғамдық қорының басшысы Жұмабек Мұқановқа телефон шалдық. «Қорда қанша ақша бар?» деп сұрадық. Ол бізге «Қорда ақша жоқ, бірақ Әйтеке би туралы кітап шығаруды жоспарлап жатырмыз, соны сатып, кесене салуға ақша жинаймыз» дегенді айтты. Мен мұның өнімсіз тірлік екенін бірден түсіндім. Соңынан әлі іргесі де қаланбаған кесененің «Ашылу салтанатына арналған» шақыру билеті мен осы қор бастырған қағазының бағасы удай қымбат баспахана өнімдерін көріп көңілім құлазыды. Халықтан жиналған есіл ақшаның осылайша ессіз, жөн-жосықсыз жұмсалғаны қатты қынжылтты…

Бұдан кейін біз негізінен Әйтеке бидің ұрпақтары тұратын өңірлердегі алты облыстың әкіміне телефон соқтық. Олардың бәрі де әңгімені мұқият тыңдады. Қаржыландыру жайын ойластыруға уәде берді. Алайда арада екі апта өтсе де, нақты хабар түспеді. Біз де оларды қайта мазалай қойған жоқпыз. Қаражат жинаудың басқа жолдарын қарастыру қажеттігін түсіндік. Сөйтіп, Алтынсары, Қаражан үшеуміз не де болса жобаны қаржыландыруды әуелі өзімізден бастауды, сосын жақын достарымызды тартуды ұйғардық.

Осы бір күндері мен Шымкентте Жалаңтөс баһадүрдің бір ұрпағы Рахат есімді азаматпен таныстым. Ол аса жомарт жігіт болып шықты. Оған кесене құрылысының проблемасын айта бастағанымда-ақ мені бірден қолдап, мәселені шешуге екі күн мұрсат сұрады. Әрі, сөзінде тұрды да! Тағы бірде Кіші жүз өңірінен шыққан, өзіме жақсы таныс екі жігітпен жүздесіп, оларға да осы проблеманың шетін жеткіздім. Ол екеуі де Шардарадағы «Әйтеке би» қорына екі мәрте 500 доллардан қаржы қосқандарын айтып, менің ұсынысымнан бас тартты.

Бұл үдеріске үлкен ұлым Асқар да қосылды. Ол Оңтүстік өңірін өркендетуге елеулі үлес қосқан, ел ағасы Шаһарбек Усмановтың ұлы, жас кәсіпкер Сұлтанмен сөйлесіпті.

Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ.

(Жалғасы «Оңтүстік Рабат» газетінің келесі нөмірінде)