95 жасқа толған өнер майталманына су жаңа теміртұлпар сыйланды

412
Айша Абдуллина әртіс болуды армандамағанын айтты

Қазақстанның халық әртісі Айша Төкебайқызы Абдуллина өнерімізге баға жетпес үлес қосқан, қазақ театр тарихына аты алтын әріппен жазылған бірегей тұлға. Балалық шағы Адматының Ахмет Байтұрсынов атындағы мектебіне өтіп, өмірдің қиыншылығын көп көрген ол өнердің биігіне бірден көтерілген жоқ. Саналы ғұмырында   ҚР-ның халық әртісі, «Парасат» , «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, сахна саңлағына айналған Айша Абдулдина бүгінде 95 жасқа толды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел мен жауынгерге мәдени қызмет көрсеткен өнер майталманының сахнадағы қойылымдары қазақ театрының қайталанбас құнды бейнесі болып қала бермек.

Бұл күні  095 нөмірлі су жаңа теміртұлпар бүгінде жасы 95-ті алқымдаған абыз ана Айша Абдуллинаға сыйға тартылды. Екі ғасырдың куәгері болып, екі толқынға өнеге болған халық әртісіне қандай құрмет көрсетілсе де ләзім. Өнер майталманы 65 жылдан астам өмірін өңіріміздегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында өткізді. Сондықтан бүгінгі торқалы тойы да дәл осы сахнада тойланды.

Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары: «Айша Абдуллина – тұнып жатқан тарих. Өмірдерегі жайындағы кітапты оқып отырып, көзіме еріксіз жас алдым. Өмірдің ащы арнасын татып өскен ана осындай баға жетпес белестерді бағындырды. Екі ғасырдың қызығы мен шыжығын көріп, ыстығына күйіп, суығына төзді. Сондықтан, ел алдында еңбегі ерен. Қаншама қияндықты бастан өткерген Айша апамыздың өмірі бізге өнеге. Абыз анаға құрмет көрсету – бізге бұйырған бақ деп айтамын. Себебі, мұндай мәртебесі биік тұлғаның көзін көріп, айтқан асыл сөздерін есту баға жетпес байлықпен тең. Сол себепті, осындай Айшадай жұлдызы бар қазақ елі баймыз дер едім. Осындай абыз анасы бар, осындай қастерлі тұлғасы бар біздің ел бақытты ұрпақ!»

Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасының халық әртісі: «Өзге елдерде Айша ападай құрметіне ерекше ықыласпен қарайды. Анығырақ айтсам, мемлекет өз қамқорлығына немесе  қарамағына алады. Себебі, мұндай елге еңбегі сіңген азаматтарға құрметін осылайша жеткізіп, қауіп-қатерден, ауру-сырқаудан жанын арашалайды. Айша Абдуллинаға да осындай жағдай қарасырылуын мемлекетттен сұраймыз. Ал, әпкеме айтарым біз әлі 2030 жылы осындай туған күінімізді атап өтеміз.  Әрдайым сұлулықтың символы болып, халықтың ардақты апасы болып алдымызда жарқырап жүре беріңіз! Біз сізбен мақтанамыз! Бәлкім,  Құдайдың сүйген құлы болғандықтан сіз ұзақ жасап жатқан боларсыз, бұл да болса сіздің адамдығыңыздың абыройы деп білеміз. Мынау халқыма айтарым, тарих ортамызда. Сол себепті, алтын уақытты жоғалтпай,  өткеннің деректемесін дәлелді түрде білулеріңізге мүмкіндік мол. Егеменді елдің есті ұрпағы сөзімді ұққан болар деп үміттенемін!»

Айша Абдуллина, Қазақстан Республикасының халық әртісі: «Мен  әртіс боламын деп ойлаған емеспін. кейде өз-өзіме таң қаламын. Неге осы әртіс болдым екен деп. Сол жылдары ағам М.Әуезов атындағы театрға ертіп келді. Сондағы театр тарландары меаған ән айтқызып, би билетті де. Жұмысқа қабылдаймыз деді. Міне, осылайша сахнаның төрінен табылдым. Десе де өмірде мен көрмеген қиындық бар ма?! Туған анамның қандай болғанын да білмеймін, еш болмаса суреті де жоқ. Бұл аз десеңіз,  қырманға да шығып егін ектім. Сондай-ақ ер немесе әйелдің жұмысы деп бөліп-жармағанбыз біз. Көпшілікке тиесілі ауыр жұмыстың бәрін атқардық».

Сахнадағы саналы ғұмырында М.Әуезовтың «Еңлік – Кебектегі» – Еңлік, Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібегіндегі»- Жібек, Уильам Шекспирдің «Оттелосындағы» – Дездемона бейнелерімен аты аңызға айналған өнер қайраткерінің өнер жолында көпке өнеге болған.

Бұл күні театрдың тылсым сырларын меңгерген өнер иесінің сомдаған рөлдерін бүгінгі толқын әртістер шебер орындады сахна төрінде. Жастайынан қиындықтың құрсауында өскен өнерпаз балалық шағында әртіс болуды армандамағанын осылайша жеткізді.

Айта өтейік, Айша Абдуллинаның әншілік өнері мен сахнадағы сомдаған рөлдерінен хабардар ететін көрме де ұсынылды көпшілікке. Бүгінде халық әртісі айгүл атты қызынан 3 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Ал сыйға тартылған автокөлікті айша апа немерелеріме беремін деп жоспарлауда.