Ж.Шанин атындағы театр ұжымы сахна саңлақтарын еске алды

938
Сахна саңлақтарының өміржолынан қойылым сахналады

«Сенім күші.» Өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы осы тақырыпта сахна саңлақтарын еске алды. Мерейлі кеш қара шаңырақта жылдар бойы қызмет етіп, өнер өлкесінде өшпес із қалдырған әртіс Әбубәкір Ордабаев пен режиссер Қасымхан Шаниннің құрметіне арналды. Мұнда мәдениет марқасқаларының туыс-жекжаттары мен өнердегі әріптесі, Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллинаның өзі келіп қатысты.

Сахна саңлақтарының өміржолынан қойылым сахналады
Сахна саңлақтарының өміржолынан қойылым сахналады

Сахнадағы сырлы сазбен үндескен ұмытылмас бейне, қайталанғысыз кейіпкерлер мен рөлдер. Ондағы уақыт шеңберіне бағынбайтын ой елегі. Мұның барлығы да көрерменнің көз алдында.

Өткенді саралап, бейнетаспаны тамашалаушылар арасында «қара шаңырақтың» бірегей режиссері, актер Қасымхан Шанин мен Кеңес одағына еңбегі сіңген әртіс, өнер майталманы Әбубәкір Ордабаевтың ұл-қыздары мен туыстары жиналды. Арасында көпшілік Шоқан Уәлихановтың кейпінде танитын әртістің немересі де бар.

Болат Шанин
Болат Шанин

Болат Шанин, Қ.Шаниннің немересі: «Атамның музыкалық сауаты болмаған, бірақ, оркестр мен өзге де сазды аспаптарды, ондағы ноталарды жатқа білетін. Тіпті қойылымға дайындықтарда әуеннің ырғағын сезіп, емін-еркін жүргізген екен. Оның бойындағы ешкімде кездеспейтін ерекшелік осы деп ойлаймын».

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы кеш кейіпкерлеріне арнап, еске алу қойылымдарын сахналады. Онда өнер майталмандары Қасымхзан Шанин мен Әбубәкір Ордабаевтың өміржолдары көрініс тапқан.

Ал көрермендер қатарынан табылған Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллина сахна саңлақтарының көпшілікке таңсық бейнелерін паш етуді ұмыт қалдырған жоқ.

Айша Абдуллина
Айша Абдуллина

Айша Абдуллина, Қазақстанның халық әртісі: «Шәкен Айманов Әукеңді, Әбубәкірді айтам, үнемі мақтап отыратын. Оның образы, әртістік шеберлігіне шүбә келтірмейтін. Енді ол Мәскеуде көрген-білгені, тәжірибесі бар дегендей. Сондықтан, ауыз толтырып айтарлықтай, онымен мақтанатынтай әртіс болды ғой. Кейіннен оның әйелі қайтыс болып, соңында баласы қалды. Содан бір тойға барғанда Бикеш апам Әукеңмен танысып, тұрмысқа шыққан еді.

Екеуміз талай рет бір сахнада рөл ойнағанбыз. Талай аудан-қаланы гастрольдік сапармен аралап шықтық. Бірақ Әбубәкірдің мінезі өте жұмсақ еді, әртістерге де мейірімді, жақсы қарайтын, жылы шырай жүзі әлі есімде. Қайбір пьеса болса да Қасымхан, Сейіт деген өнер иелерімен кеңесіп, ақылдасып болып шешім шығаратын. Маған да көптеген басты рөлдер осылай бұйырған. Қасымханның әнді айтып, оған еніп кететін кездерін де ұмытпаймын. Режиссерлік қабілетіне тәнті едік, кез келген қойылымын халық сүйіп, ерекше ықыласпен тамашалайтын».

Академиялық театр ұжымы режиссер, актер Қасымхан Шаниннің – 90, Кеңес одағына еңбегі сіңген әртіс Әбубәкір Ордабаев 100 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынды.

[youtube]https://youtu.be/6KEHsqUVMs8[/youtube]