Күнгейде Айша Абдуллинаның мерейтойы тойланды

542

Биыл Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллина – 100 жаста. Өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында ғасырды алқымдаған абыз ананың мерейтойы өтті. Киелі сахна төріне арнайы күймемен көтерілген өнер иесі елдің алдында тосылған жоқ. Есімін елге танытып-мойындатқан, сол баяғы сырлы әні «Гәккуін» айтып, көрерменімен сағынышын басты.

21

64 жыл бойы өзі қызмет еткен «қара шаңырақтағы» тойға сахнадағы әріптестері, халық әртісі Т.Жаманқұлов пен көршілес Қырғызстанның өнер қайраткерлері арнайы келіп, кеш кейіпкеріне сый-таралғысын табыстады. Ақ жарма тілектерін жолдап, құрмет-ниеттерін білдірді.

22

Сахнада 200-ден аса кейіпкерді сомдаған театр саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Айша Абдуллинаны құттықтауда жерлестеріміз де шет қалмады. Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков бастаған топ Ай-апаға ақ шапан жауып, құттықтау хатын табыстады.

Айша Төкебайқызының мерейтойын жүргізу мәртебесі мәдениет қайраткері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрындағы әдебиеттану бөлімінің меңгерушісі, режиссер-драматург Сая Қасымбекке бұйырды. Қаламгер ғасырды бағындырған әріптесінің сахнадағы әрбір қайталанғысыз рөлі мен ондағы өміржолын етене еске алып отырды.

26

Айша Абдуллина, халық әртісі: «Шынымды айтсам, мен өмірімде әртіс болсам екен деп армандаған адам емеспін. Осы күні қарап отырып мен неге әртіс болдым екен деп өзім қайран қаламын. Ал әртіс болмағанымда үй шаруасындағы әйел болар едім. Ал мен ең алғаш жазушы Мұхтар Әуезовтың “Еңлік-Кебегіндегі” Еңліктің рөлін ойнадым. Қойылым өте сәтті шықты. Сондықтан жаныма жақын, ең ыстық әрі сүйікті рөлім Еңліктің бейнесі болып қалады. Содан кейін “Қобыландыдағы” Құртқа болдым. “Современный” қыздардың да рөлін сомдап шықтым. “Ревизорда” маған Мария Антоновнаның бейнесі бұйырды. Айта берсем көп қой, сахнада Ғабит Мүсіреповтың “Қыз Жібегіндегі” Жібектен бастап, Уильям Шекспирдің “Оттелосындағы” Дездемонаның рөлін де шебер ойнағанмын. Әрине, мұның барлығы да үлкендердің көмегімен жүзеге асты. Әйтпесе Дездемона дегенің – ағылшын қызы ғой. Қазақтың қарапайым қызы ағылшын қызының жанын қайдан ұқсын?! Міне, осы қасиеттердің барлығын ұқтырып, түсіндірді. Мәселен, бізде Бадыров Қапан деген әртіс болды. Ол менімен бірге Оттелонын рөлін ойнаушы еді. Осы Қапанның әйелі бізге мұғалім болып, сабақ берді. Сонда әйелі екеуі маған Дездемонаның болмысын айтатын. Соны құлағыма құйып, сахнада сомдағанда еш қиындық тумады. Ал менде 100 жасаймын деген арман да болмаған еді, енді, міне, ғасырға толдым. Қуаныштымын, бақыттымын! Әттеген-ай жоқ менде, халқым барда мен өлмеймін, өшпеймін! Есімім де жасай береді! Мойындаймын, сахнаны әлі де қимаймын, 96-ға келгенше менің серігім болған жер ғой. Жақсы көрем театрды, өзім басқа жерде жүрсем де махаббатым мен жаным осында! Егер екінші рет дүниеге келсем қайтадан осы саланы – өнерді таңдар едім, еш ойланбай актриса болар едім!»

24

Айта өтетін ақпар, Қазақ өнерінде есімі алтын әріппен жазылған Айша Абдуллина 14 рет Кеңес Одағы медальдарымен марапатталған. 1958 жылы «Қазақ ССР-нің халық әртісі» құрметті атағын алған актриса қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесіне және Шымкент қалалық кеңесіне екі дүркін депутаттыққа сайланған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың екі рет «Алғыс хатын» алды. 1996 жылы Президент стипендиясын иемденді.  Ал жуырда  ғана «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы берілді.