Ең кішкентай ару атағына талас болмақ

662

Шымкентте маусымның 17-не облыстық опера және балет театрында кіп-кішкентай арулар сынға түседі. Байқау «Little miss SHymkent -2012»  деп аталады. Барлығы 20 бүлдіршін сұлу қатысатын сұлулық сыны 17-не сағат 17-де басталады. Өзін-өзі  таныстыру, шығармашылық, авангард киім үлгісі, ән айту және білімнен сайысқа түсетін балғын арулардың арасынан оза шыққан үздігі республикалық  «Little miss Kazahstan-2012» байқауына жолдама алады. Айта кетейік, он жылдан асатам уақыт тұраөқты түрде өткізіліп келе жатқан бұл байқауда шымкенттік бүлдіршін арулар республикалық қана емес, әлемдік байқауларда жүлделерді қанжығасына байлап үлгірген.

Ал, биыл 20 ару қатысайын деп жатыр сұлулық сынына. Сәрсенова Нұрай Болатқызы да «Little miss SHymkent -2012» байқауының үміткері. Шымкенттегі Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында оқитын бүлдіршін 7 жаста. Оқуда озат болумен қатар Нұрай Ә.Юсупованың мектебінде көркем гимнастикамен шұғылданып, бірқатар белестерді бағындырып та үлгерген. Онымен қоймай, үлкен теннисті де жанына серік етіпті. Білім мен спортты егіз еткен жас сұлу бұған дейін «Мисс Баян Сұлу» атағын иемденіп үлгерген. Тәжді ару Бас жүлдеден үмітті.

«Барлық қатысушы құрбыларыма сәттілік тілеймін. Ең лайықты ару жеңіп шығатынына сенімдімін. Әділ-қазылар алқасы әділ болса, үкілеген үмітіміз орындалары хақ. Ал өзіме жеңіс тілеймін. Анама айтар алғысым шексіз»,-дейді кішкентай Нұрай.

Кіп-кішкентай аруларға біз де сәттілік тілейміз. Сұлулық сынында тек Шымкент немесе республика ғана емес, әлем алдында бақтары жансын!!!