Уәделі уақыттың өткеніне 2 айдың жүзі болды. Ал Нұртастықтар бәз-баяғыша жекенің құзырындағы жарық қуатын тұтынуда. Жаңа трансформаторлар болса, осы күнге дейін іске қосылар емес. Электр қуатының әр киловаты үшін 20 теңге көлемінде төлеп жүрген мұндағы ағайын ұрланған жарық үшін тағы да қалтасын қағуға мәжбүр.
Елдімекендегі халайықпен кездесуге аудан басшысы тағы келді. Ашуға булыққан тұрғындар бар өкпесін әкімге артып әлек. Ал істің кешеуілдеуіне негізгі себепті ол бюджеттің жетіспеушілігінен көреді. Және «Нұртастағы» 2 мың түтіннің жарығы мен суы – бұл кезең-кезеңімен шешілетін мәселе екенін айтады.
Бірақ қалған 1200 шаңырақтың коммуналдық қажеттілікке қашан қол жеткізері белгісіз.
Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Еңбекші ауданының әкімі: «14 маусым күні қалалық мәслихаттың сессиясында «Нұртас» шағынаудандағы қалған 1200 отбасының мәселесіне байланысты бюджеттен 1,5 млн. теңге бөлінді. Енді сол қаржыға ауылға келетін жарық пен ауыз судың жобалық сметалық құжаты әзірленетін болады. Әрине, қаржы аздау. Жетпеуі мүмкін. Сондықтан қалған үйлердің электр қуаты мен ауыз суы ретімен шешілетін болады».
Жаңақұрылысты елдімекендегі көше мен газ жәйінің де жолға қойылар күні тұманды. Көңілге бір демеу боларлығы сол, таяуда ауылға таза ауызсу келді. Бірақ оның өзі толық берілмейді дейді тұрғындар.