Оңтүстікте аудан және қала басшылары үшін сын сағаты соқты. Әкімдер жарты жылда атқарған жұмыстарын қорытындылап, бары мен жоғын түгендеулері тиіс. Бүгін облыстық әкімдікте Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауов облыс басшылығының алдында есеп берді.
Биыл жартыжылдық жұмысты қорыту Қазығұрт ауданынан басталды. Мінберге шыққан Болатбек Қыстауовтың да Қазығұртқа басшы болғалы бері бұл алғашқы рет есеп беруі. Ауданның тізгінін алғанына екі айдың ғана жүзі болды. Соның өзінде мамандығы экономист әкімнің тірлігі тындырымды көрінді.
Айта кету керек, атқарылған жарты жылдық жұмыстардың рейтінгісі бойынша Қазығұрт ауданы көш басында келеді. Қай саладан болмасын көрсеткіштері өзгелерге қарағанда көтеріңкі. Бюджетті игеру, әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту сияқты басты бағыттардан ауданның есебі түгел. Тек ҰБТ-ның қорытындысы бар көрсеткішті кейін тартып тұр. Биылғы нәтиже бойынша ауданның білім деңгейі ең соңғы орында. Мұны облыс басшылығы да баса айтты.
Білім деңгейінен бірден 10 сатыға төмендеген ауданда енді ерекше әдістеме қолға алынбақ. Ал кемшілікке жол берген бірқатар тұлғалар тиісті жазасын алған.
Қыстауов мырзаның екі айлық еңбегінің көрсеткіштері көңіл көншіткенімен, тындыратын тірліктің бастан асып жатқаны белгілі. Сондықтан жылдық есепте жұмыстың қорытындысы жіті бақыланады деді облыс басшылығы.