Қыран, домбыра, қымыз, асық, бауырсақ. Қайсысы еліміздің нағыз бренді?

Оңтүстіктің аниматорлары кішкентай көрермендерін жаңа бір туындымен қуантып отыр. «Қазақстан бренді» деп аталатын мультфильмнің алғашқы көрсетілімі республикалық телеарналардан көрсетіліп те үлгерген.

Қыран, домбыра, қымыз, асық, бауырсақ. Жаңа мультфильмнің осы негізгі кейіпкерлері еліміздің нағыз бренді болуға кім лайық деп өзара таласады. Аниматорлар бұл туынды арқылы ұлты ұйыған Қазағымыздың қастерлеп күтіп баптауға лайық үрдістерін көрсетуге тырысқан. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие береді дейді олар.

Нуриддин Паттеев, «Сақ» киностудиясының директоры: «Жаңа мультфильімнің негізгі желісі. Ол домбыра, қымыз, асық, бауырсақтың өзара еліміздің бренді болуға таласады. Дауларын шешіп берсін деп Бәйтерекке барады. Ал бәйтеректің айтқан сөзі: «Бәріңде еліміздің нағыз брендттері болуға лайықсыңдар» деген жауабымен келгендерді қуантады».

«Сақ» киностудиясының тағы бір жаңалығы — «Айбынды аула» атты жаңа мультфильм әзірленуде. Бұл туынды бірер жылда дайын болып қалар дейді аниматорлар. Өйткені жаңа мультфильм толық метражды болмақ.

Нуриддин Паттеев, «Сақ» киностудиясының директоры: «Бір ауланың ішінде әр түрлі аңдар өмір сүреді. Олар өздерінің бірліктерінің арқасында сыртқы жаулардан өздерін қорғайды. Бұныңда балаларға берер тәлім тәрбиесі зор. Қазір Республикалық телеарналардын бірімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер сәтін салса барлық мультфильімдерімізді арнайы бағада сату көзделіп отыр».

Осылайша жергілікті аниматорлар Елордамыз — Астана қаласының туылған күніне орай кішкентай көрермендерді жаңа туындыларымен қуантты. Сәтін салса «Сақ» киностудиясының мамандары алдағы уақытта да еліміздің рухани құндылығын арттыруға балаларға патриоттық тәрбие беретін мультфильімдерді шығаруда күш-жігерімізді арнаймыз дейді.