«Американың сирағын» өзіне қашан қайтарамыз?

Айтып отырғанымыз кәдімгі – окорочка. Оны біреулер «АҚШ-тың сирағы» дейді. Бұл тағамның саудасы қазір нарықта қыз-қыз қайнап тұр. Жылқы, сиыр, қой еттерін күнделікті тамақ етуді қалтасы көтере бермейтін қарапайым халық арзан әрі жеңіл, кез келген азық-түлік дүкенінен табыла кететін, қазанға салса демде былқылдап пісе салатын тауықтың сирағына әбден үйреніп алды. Бірақ, бұл өнімнің дастарханымызға көпшілігі сонау шетелдерден келетініне назар аударғымыз да келмейді.

Шетел асып келіп жатқанның бәрі сапасыз, жарамсыз деуге келмес, әрине. Алайда, әңгіме ет туралы, оны ұзақ сақтауға болмайтыны, сақталған күнде де сақтау нормаларының бұзылмауы керектігі айтпаса да түсінікті. Ал біздің тұтынып жүрген бұл өнімнің күйі қандай? Ұзақ сақталуы үшін ет мұздатқышқа қатырып-семдіріп тасталады. 1 келісін алсаңыз, жартысына жуығы сақырлаған мұз кесек. Оны ыстық суға мұзын ерітіп алмасаңыз, қазанға салу былай тұрсын, бөле де алмайсыз. Сіресіп тұр (тұтыну мерзімінің де бұл өнімге тіптен қатысы жоқ сықылды). Дәрігерлердің дегеніне сенсек, құс еті мен жұмыртқасы тағам рационында ақуызға деген сұранысты өтейтіндігімен маңызды екен. Ал ақуыздың адам ағзасына аса қажет дәрумен екенін жақсы білеміз. Бірақ, мұзға «қақталған» бұл азықта дәрумен қайдан болсын?

Сала мамандарының айтуынша еліміздегі ет бағытындағы құс шаруашылығы бүгіндері ішкі нарық сұранысын қанағаттандыра алмайды екен. Негізінен, біздің тұтынушылар жылына 220-230 мың тонна тауық етін тұтынатын көрінеді. Құс шаруашылығы өткен жылы өз тұтынушыларына 96 мың тонна құс етін өндіріп берсе, биыл 105-110 мың тонна өнім өндіруді көздеп отыр. Алайда, мұның өзі сұраныстың небәрі 46-47%-ын құрайды. Сұраныстың үдесінен шығу үшін негізгі импорт көзі Ресей, Белоруссия, Украина, Бразилия, Америка елдерінен құс етін тасымалдауға мәжбүрміз. Ал импортқа тәуелділік баға нарқына әсер ететіні белгілі, мәселен, ішкі нарықта тауық еті 400-450 теңгені шамалайтын болса, сырттан сол ет 2-3 есе арзан бағамен келеді екен. Соған қарамастан сұраныс көлемі күннен-күнге ұлғайып отыр. Құс еті кәрінің де жастың де жеңсік асына айналған, бұл етсіз қонақ дастарханы да жұтаң көрінеді, қазір. Кафе-ресторандарда да тауық етінен жасалған тағамдар мен салаттар өтімді.

Отандық құс шаруашылығының тарихына көз жүгіртер болсақ, бұл саланың Қазақстанда сонау кеңестік кезеңде қарқынды дамығанын айтуға болады. Алғаш рет қолға алынған 60-жылдардың тұсында елімізде жетпістен астам құс фабрикалары жұмыс істеп, олар ішкі нарық сұранысын толық қанағаттандырып, тұтынушыларды құс етіне қарық қылып отырған. Қазір сол фабрикалардың 55-і ғана жұмыс істеп тұр. Ал халықты құс етімен толық қамтамасыз ету үшін ет бағытында жұмыс істейтін тағы 14 құс фабрикасы қажет.

1 келі етке – 66 теңге субсидия

Сонымен, қалайда еліміздегі ет бағытындағы бройлерлік өндірісті дамыту қажет болып тұр. Бірақ, қолбайлау болатын мәселе көп. Құс өсірушілер Одағы саланы дамыту үшін алдымен түйінін тарқатып алатын осындай проблемаларды алға тартуда. Соның ең негізгісі субсидия мәселесі. Құс шаруашылығын субсидиялауға талдау жасайтын болсақ, өзге елдермен салыстырғанда біздегі шаруашылықтың тым аз қаржыландырылатынына көз жеткізуге болады. Еттің келісіне шаққанда 1 кг құс етіне 66 теңге бөлінсе, шаруашылықтың осы түрін субсидиялау Қазақстанға қарағанда Ресейде -2 есе, ал Беларусь елінде 3-4 есе жоғары екен. Сондай-ақ, еліміздегі ет және жұмыртқа бағыттарындағы отандық тұқымдар тапшылығы да шаруаны шатқаяқтатып тұр. Салдарынан шетелден бір жылдың ішінде асылтұқымды құстың 4-8 ататектік, аталық-аналық және соңғы түрдегі тұқымдарын тұрақты түрде тасып отыруға мәжбүрміз. Бұл мақсатқа жылына 7 миллионнан астам доллар жұмсалуда. Осылайша қомақты қаржыны сыртқа асырып отырғанымыз өз алдына. Бұл жағдай тіпті өнімнің өзіндік құнының жоғарлауына да әсер етеді дейді мамандар. Шетелден келетін құс басының тұқымы өзімен бірге елімізге инфекциялық аурулар қоздырғышын алып келіп жатқанын да әзірге ешкім ескеріп отырған жоқ. Себебі, бізде мұны зерттеп-зерделейтін осы шаруашылыққа арналған ветеринарлық-диагностикалық зерттеу мекемесі деген атымен жоқ, тіпті болмаған да.
Сол себепті де алдымен кенже қалған тұқымдық шаруашылықты оңдап алмай құс етіне жари қоймайтынымыз анық. Сала мамандарының алға тартып отырған тағы бір түйткілді мәселесі – білікті кадрлардың тапшылығы. Құс фабрикаларының дені ауылда. Ал қаладан жырақтаса, айдалада қалып қоятындай сезінетін жастарды ауылға жұмысқа шақыру мемлекет үшін қаншалықты қиынға түсіп отырғанын қазір көріп отырмыз. Сондықтан қатары сиреп бара жатқан кеңестік жүйеде білім алған мамандар қатарын қалайда толтыру қажет. Құс шаруашылығына қызығатын маман аз.

Егер осы мәселелердің түйіні шешілсе, тәжірибесі жеткілікті Қазақстанның құс шаруашылығын шыр айналдырып алып кететін шамасы бар. Тіпті, сапасы жағынан шетелдік тауарды да ығыстыра алады. Себебі, санға жұмыс істеп отырған шетелде тауықтар түрлі биологиялық қоспалардан тұратын арнайы тағамдармен қоректенеді. Бұл жолмен табиғи тауық етіне қол жеткізу мүмкін емес, әрине. Ал отандық тауықтар жергілікті шаруашылықта егілген құнарлы әрі тойымды арпа-бидайды азық етеді.

Қолданыстағылардың қарқыны…

Әйтсе де, қаржы дағдарысынан кейін пайда болған агробизнеске деген жаңашыл көзқарас бұл шаруашылыққа тіптен әсер етпеді деп те айта алмаймыз. Оңтүстіктегі «Ордабасы Құс» зауытының тыңнан түрен салып, үндік етін өндірістік негізде өсіру бойынша бірінші болып инновациялық жобаны қолға алды. Осылайша, айналдырған 1,5 жыл көлемінде Қазақстандағы, тіпті Орта Азиядағы ең үлкен күркетауық етін қазіргі еуропалық үлгіде халықаралық стандарттарға сай, түрлі ассортиментте өндіретін кешен пайда болды. Елбасының өзі телекөпір арқылы мекеме ұжымымен байланысқа шығып, осынау ірі құс фабрикасының салтанатты түрде ашылуына өз рұқсатын бергеніне куәміз. Әлемдегі алдыңғы қатардағы израильдік технология негізінде бой көтерген кешенге жетекші халықаралық кәсіпорындардан алынған құрал-жабдықтар пайдаланылған. Жоба технология жағынан барлық халықаралық стандарттарға, ветеринарлық және биоқауіпсіздік талаптарға толықтай сәйкестендірілген. Жобаның ішіне инкубация, құсты өсіру, құрама жем, бордақылау және етті тереңдетіп қайта өңдеу бөлімдері кіреді. Биыл фабрикадан 2,5 мың тонна ет алу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 8-10 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Дегенмен, құс басының артып, өнімнің молаюына әлі де талай уақыт керек екенін мамандар жоққа шығармайды. Сол секілді Батыс Қазақстан облысы да шаруашылықтың бұл түріне әбден пысып алған өңір саналады. «Орал құс фабрикасы» әуелден-ақ қалыптасып қалған өзінің дәстүрі бар серіктестік. Таяу жылдары халықты жұмыртқа және тауық етімен қамтамасыз ету үшін «Ақас» агрофирмасы» кәсіпорны құрылды. Қазір өңірдегі қос кәсіпорын сыртқа өнім шығармаса да халықтың ішінара сұранысын қанағаттандырып отыр.
Елбасы қолданыстағы осындай кәсіпорындардың қуатын арттырып, заманауи құс фабрикаларын салу қажеттігін айтты. Бұйыртса, 2014 жылға дейін елімізде 21 құс фабрикасы салынады деп көзделуде. Заманауи деген соң, көз алдымызға шетелдердегідей жалт-жұлт жайнаған құс кепелері тізілген, озық өндірістік технология – желдеткіш, жарықтандырғыш, құрғатқыш сияқты құрылғылары сартылдап тұрған, компьютерлік басқару жүйесіне қосылған зәулім фабриканы елестетіп отырмыз. Межеленген уақытта осындай құс фабрикалары бой көтеріп, күндіз-түні жұмыс істеп тұрса, қолданыстағылары да жаңа серпінге ілесіп отырса, құс іздеп кеткен қыруар қаржыны еселеп елге қайтаратын күн де алыс болмас еді.