Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымы артып келеді

21
дайын өнім

Қазақстан Әзербайжанға отандық өңделген өнімдерді экспорттауға мүдделі.  Атап айтқанда, құны 300 млн долларға жуықтайтын 100-ден астам тауар позициясын жекізуге дайын. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесуінде айтты.

2023 жылдың қаңтар-тамызында екіжақты тауар айналымы $398 млн-ды құрады, бұл 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 57,2%-ға артық.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өзектілігі артып келеді. ТХКБ шеңберінде жүкті ауыстырып тиеу көлемі 2 есе өсті. Осы бағыт арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау оң динамика көрсетті», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Ал Ағалар Атамоғланов Әзербайжан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті екенін атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Әзербайжанның көпжақты форматтағы, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының перспективаларын қарастырды. Осылайша, екі ел Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы келісімді бірінші болып ратификациялады.
Сондай-ақ алдағы СПЕКА (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) форумына дайындық мәселелері талқыланды. Іс-шара осы жылдың қараша айында Баку қаласында өтеді.