Базар бағасы бірқалыпты

323
базар бағасы

Иісі мұсылман үшін мүбәрак айдың алғашқы күнінде қала базарлары азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұрғанына көз жеткіздік. Ауызашарға қажетті көкөністер мен тары, талқандар да бұрынғы бағасымен сатылуда.

Феруза Ақбасова, сатушы: «Тарыларды 450 ден беріп жатырмыз. Былтыр 550-600 болған. Талқандарда арзан. Халықтың қалтасы көтереді. Қымбаттамай тұрғаны жақсы, әрине».

Әсіресе сауабы мол құрмалардың биылғы бағасы алушыларды қуантары сөзсіз. Жыл сайын келісі мың теңгеге шарықтайтын құрмалар биыл 700 теңгеден, ал қорабы 150-250 теңге аралығында сатылуда.

Халық үшін қажетті астың ең бастысы — ұн. Сол ұнның бағасы кешелі бері базарларда 30-40 теңгеге қымбаттапты.

Болат сатушы: «Былтырғыға қарағанда биыл базар арзан. Ораза басталысымен-ақ шарықтап кететін бағалар өз қалпанда. Тек ұн қымбаттады. Бүгін оразаның бірінші күні ғой, соңына дейін осылай тұрса жақсы. Бірақ, қымбаттап кететін шығар деп ойлаймын».

Дегенмен, сатушылар нанның бағасын 35 теңгеден өсіріп отырған жоқ. Ал көтерме саудамен әкелетіндер бұрынғысынан 5 теңгеге қымбат сатып жатқан көрінеді.

Алма, сатушы: «Нанды көтерме бағадан әкеліп беретіндер, 35-тен өткіземіз деп отыр. Бүгін осындай шу болды. Ұн қымбаттады дейді. Енді нан қымбаттаса, халыққа қиын болатын болды».

Айта өтейік, алма, жүзім секілді жемістер мен құмшекердің бағасы 20 теңгеге арзандаған. Қорыта айтқанда, Оразаның бірінші күніндегі баға тұрақты, халықтың қалтасына сай.