Оңтүстік Қазақстан облысының археологтары үш баһадүрдің моласын тапты. Осыдан 2 мың жылдай бұрын өмір сүрген көшпенді ел сарбаздарының сүйегі керемет сақталған. Мазараттан табылған керамикалық ыдыстар мен қару-жарақтарды зерттеу арқылы ғалымдар біздің эрамыздың бірінші ғасырларында өмір сүрген Қаңлы тайпасының бай мұрасымен толықтай таныса алады. 

Тарихы терең Күлтөбе қаласы Оңтүстіктің ғалымдарын тарихи қазбаларымен алғаш рет таң қалдырып отырған жоқ. Дәл осы мекеннен Қаңлы тайпасының толыққанды тарихының түп тұқиянына дейін жасырылуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, ежелгі басып алушылар бұл молаларға талай рет шабуыл жасап, алтын мен құнды жәдігерлердің үптеп кеткен. Десе де, оқымыстыларды көшпенділердің сол кезде тұтынған садақ, қанжар, пышақ секілді қару-жарағының бұзылмай сақталғаны қуантады.

Осыдан екі мың жыл бұрын отаны үшін кімнің қандай ерлік көрсетіп, ұрпағы үшін аянбағанын антраполог-ғалымдар анықтай жатар. Бүгіннің өзінде ондағы мүрделерді ашып зерттеуге Орталық мемлекеттік мұражайының мамандары кірісіп кетті. Тарихшылардың айтуынша қазіргі Оңтүстік жерінде сол дәуірде кермикалық ыдыстар жасайтын қаңлы шеберлері болған. Сан ғасырлар бойы сырын сақтаған мына хум деп аталатын үлкен құмыралар сол кезеңнің айнымас дәлеліндей.

Осыдан бірнеше уақыт бұрын ғалымдар Күлтөбе қалашығынан ежелгі жазулар жазылған керамикалық плиткаларды тапқан болатын. Бұл жолы ондай құнды дүние табылмаса да, қазба жұмыстары кезінде пайда болуы ғажап емес.