Оңтүстіктің шаруалары шөп іздеп сабылып жүр

Республикадағы қуаңшылық нан бағасына әсер етіп жатқанда облыстың шаруалары шөп тапшылығын тарта бастады. Қазір нарықтағы престелген жоңышқа бағасы 550 теңгенің үстіне бір-ақ шыққан. Бұл соңғы 20 күнде көтерілген баға. Және бұл баға тұрақталғаны емес. 700 теңгеге дейін көтеріледі екен десіп жүр жұрт. Шөптің бағасы күрт қымбаттаған соң алушылар да азайып кетті дейді кәсіпкерлер. Сонда қорадағы мал немен қоректеніп жатыр? «http://kz.otyrar.kz/» тілшісі кәсіпкерлер мен қасапханаларды аралап қайтты.

Жеке кәсіпкер Рустам Халвашиковтың нарыққа әкелген бір үйім шөбін сата алмай тұрғанына бүгін екі тәуліктен асты. Айтуынша, биылғы құрғақшылық егістікті күйдіріп, мал азығының күрт қымбаттауына себеп болған. Қымбаттатпасқа амалы қалмапты. Өйткені, ауылда шөп жоқ,

Рүстем ХАЛВАШИКОВ, жеке кәсіпкер: «Престелген жоңышқа данасын 530 теңгеден деп тұрмыз. 500-ге де алмай жатыр. Жақында тағы да қымбаттайды дейді. Білмеймін ол кезде саудамыздың қалай боларын. Себебі, екі күн болды осында тұрғаныма, ешкім алмайды. Өз тамағымыздан да қымбат дейді мал азығы. Ал ауылда болса шөп жоқ. Қуаңшылық күйдіріп барады».

«Дағдарысты қойымыз түсінбейді. Аламыз амал жоқ. Сосын бордақылап, нан-пұлымызды табуымыз қажет», — дейді қасапшы Сайфулла Гүлтөреев. Әйтпесе, кәсібінен нәсіп қашуы мүмкін. Төрт түлігіне беріп жүрген жоңышқа пресін қожалық төрағасы осыдан бір ай бұрын, шөп арзандау кезде сатып алған. Нарықтағы баға енді қалтасына қалыңдау болып тұр.

Сайфулла ГҮЛТӨРЕЕВ, қасапшы: «Бір ай алдын жоңышқа пресін 450 теңгеден алған болсақ, қазір міне, 550 теңге болып жатыр. Ертең Құдай біледі қанша болатынын. Сол былтырғыдай минимальный 700-1000-ның арасында болады ау деп ойлап жатырмыз. Бұлай бола берсе еттің де бағасы көтеріледі. Мал да қымбаттай береді».

Жеке кәсіпкерлер мен шаруалар мал азығының жоқтығын айтып байбалам салып жатқанда, ауылшуаршылық басқармасындағы мамандар бұған алаңдаудың қажеті жоқтығын айтады.

Низамиддин ПІРМАНОВ, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары: «Иә, былтырғыдай емес шөп. Биыл аздау. Аз деген сөз шөп жоқ деген сөз емес. Беті аулақ, кейбір жылдары шөп жоқ болады. Жерге ештеңе шықпай қалады. Ондай жағдай жоқ. Қазір егістік алқапқа шығыңызшы, толы шөп. Соны орып жатқан адам бар ма? Жоқшылық байқала ма? Машине жолдың жағасындағы шөпті кім орып жатыр? Тұр ғой шөп. Егер шөп жоқ болса соның бәрін әкетіп қалады».

Басқарма басшылығы берген мәліметке жүгінсек, облыста 180 мың гектардай алқапқа биыл жоңышқалық егілген. Есептерінше, бұл көлем облыстағы төрт түлікті қамтамасыз етеді екен. Ал престелген шөп бағасының қымбаттауына ауылшаруашылық мамандары ықпал ете алмайды. Өйткені, бұл жеке кәсіпкердің құзырындағы іс.