Ордабасы ауданының шаруалары еңбегінің жемісін көруде

111

Ордабасы ауданында жиын терім жалғасуда. Дәнді дақылдардан бастап бақша өнімдерінен биыл жақсы өнім алу жоспарда. Одан бөлек мал азығының да жеткілікті қоры жасалуда. Өйткені, жылдан жылға ауылдарда ірі қара мен ұсақ мал басы көбеюде. Мемлекет тарапынан қолдау: жеңілдетілген бағада жанаржағармай, тыңайтқышқа субсидия бөлу жүйеге қойылған.

Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында күзгі науқан қызып жатыр. Шаруалар ауа райы қарасып тұрғанда бақша өнімдерін түгел жинап алуға тырысуда. Жанар Бәзілова көктемнен бері жерлестерімен бірге маусымдық жұмыспен айналысуда. Тамыздың ортасынан пісіп жетілген қызанақты теріп, алған еңбекақысына отбасын бағуда.

Жанар Бәзілова, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Ектік жүйек-жүйекке одан шаптық. енді міне теріп жатырмыз. Күніне 5 мың теңге береді. Үйде отырғанша ақша тауып балалардың қамын жасаудамыз».

Жұмыс беруші осы ауылдың тұрғыны – Мырзакелді Шалдарбек. Егіншілікпен айналысқанына 10 жыл болған шаруа бүгінде 1 жарым гектар жердің 1 гектарына қызанақ, қалғанына қияр, болгар бұрышы, баялдыр еккен. Ерте көктемде ұрықтан көшеттер өсіріп, мамырдың басында жерсіндіріпті.
Мырзакелді Шалдарбек, Ордабасы ауданының шаруасы: «20 күн болды жиын терімнің басталғанына. Биыл жаман емес. Ағын су да барлығы болды. Қиыншылық көрмедік.  Өнімдерімізді Шымкенттегі «Жібек жолы», «Бекжан» базарына жеткіземіз. Қазір егістік алқабынан алып кетіп жатыр».

Көрші егін алқабында шөп жиналуда. Шаруа қожалығының барлық техникасы осында. Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша, былтырғымен салыстырғанда биыл жылқы басы 24 мыңнан 26 мыңға, ірі қара мал 84 мыңнан 94 мыңға, ұсақ малдың басы 435 мыңға жеткен. Сонымен қатар ордабасылық диқандар жақында мақсары дақылын жинауға кіріседі. Егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысатын ауылдағы ағайындарға үкімет тарапынан қолдау да бар.
Әбілда Әлібеков, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы: «Күзгі жиын- терімге Ордабасы ауданына 3 мың 900 тонна жанар жағармай бөлінді. Литрі 201 теңге. Бадам, Төрткүлде егіншілікке 1 мың тн. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 3 400 тн жеңілдетілген ЖЖМ  берілді.  Субсидия да инвестициялық салымы бар жобаларға бөлінуде. Өзгерістер болса біз шаруаларды жинап, түсіндірудеміз».

Былтыр Ордабасы ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға инвестиция тарту бойынша Түркістан облысында көш бастаған. Үздіктер қатарында жылқы басын көбейткен және жылы жайда бақша, цитрустық өнімдерді өсіруде үлгі болған шаруашылықтар биыл да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізбек.