Оразаң қабыл болсын ұстаған жан

1522

Ораза – араб тілінде «ас-саум», яғни жаманнан алыстау деген мағынаға ие. Рамазан айында барша мұсылман жұртына таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, ішіп-жеуден бас тарту парыз етілген. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер, күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді (Бақара, 185-аят)».- делінген. Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай.

Кімдерге парыз етілген?

Ең алдымен мұсылман болу шарт. Жаңадан мұсылман дінін қабылдаған пенденің өткен жылғы оразасын қазасын өтеу міндетті емес. Екінші міндет- балиғат жасыңа толуы және ақыл-есі түзу болу. Сондай-ақ, есінен танған немесе мас адамға Ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Ауыз бекітудің үшінші шарты — ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу. Науқас немесе жолаушылар бұл міндеттен босатылады. Алайда басқа күндері қазасын өтеуі тиіс. Сонымен қатар, хайыз, нифас кезіндегі және жүкті, бала емізетін әйелдерге жеңілдік бар.

Дұрыс орындалу шарттары

– Хайыз бен нифастан таза болу. Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін Оразаның қазасын өтейді. Ал ер адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ауыз бекітуіне кедергі емес. Бірақ мүмкіндігінше, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу — абзал.

– Оразаның әрбір күніне ниет ету. Таңертең сәресіге тұрып, ораза ұстауға ниет ету — бұл құлшылықтың дұрыс орындалуы. Тілмен ауыз бекіту дұғасын айту жақсы амалдардан. Дегенмен, ниет еткенде екі ойлы немесе шарт қоймау керек. Мәселен, «Ертең пәленше қонаққа шақыра қалса, аузымды ашуға, егер шақырмаса, ораза ұстауға ниет еттім» дегендей ниет жарамсыз.

Бұзатын жағдайлар

– Ешқандай себепсіз біліп тұрып әдейі бір нәрсе жеу. Олай істеген жағдайда, ораза кәффаратын өтеу керек. Бірақ тағам ауызда езіліп, жұтылмайтын болса, дәмі де тамақтан өтпесе, онда ораза бұзылмайды. Сонымен қатар, біреуді ғайбаттағаны үшін, қан алдырғаннан кейін ораза бұзылды деп, әдейі жеу де кәффаратты қажет етеді.

– Аузы берік жанның зайыбымен жақындасуы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ондай жағдайда кәффарат үшін бір құл азат ету, оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан үзбей Ораза ұстау керектігін міндеттеген. Ал оған да күші жетпесе алпыс жоқ-жітікті тойдыру қажеттігін айтады.

Бұзбайтын жағдайлар

– Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей ерлі-зайыптының жақын қарым-қатынаста болуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені оған жегізген де, ішкізген де Аллаһ».- дейді. Енді бір хадисте Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес екендігі айтылады (Ибн Мажа, Сиям, 15). Алайда ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.

– Таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін осындай күйде жүргеннің оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз.

– Қан алдыру немесе сүлік салдырудың да оразаға зияны жоқ. Құлаққа су кіру, бұлық ағу, көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу Оразаны бұзбайды.

– Тіс жұлдырудың асыл міндетке кесірі жоқ. Ауыз бен мұрынға су алып шайқаудың үкімі де дәл солай. Бірақ тамаққа кетпеуді қадағалау қажет.

– Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, Оразаға зияны жоқ. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту Оразаны бұзбайды. Сонымен бірге, салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию ауыз бекітуге зиянды емес.

Оразаның пайдасы

– Расында, нұр шашқан айдың адамзатқа берер пайдасы мол. Ең әуелі ауыз бекіту — пендені күнәдан сақтайды. Құранның Бақара сүресінің 185-аятында айтылғандай, күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетуіміз үшін бізге бұл айда ораза ұстау парыз етілген. Оразаның мақсаты — мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу екендігі белгілі.

– Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары да мол. Кейде адам баласы байлықтың соңына түсіп, аштықты ұмытады. Ораза сондай пенделердің көкірек көзін ашуына зор мүмкіндік. Қоғамда тепе-теңдіктің орнауына септігін тигізеді.

– Ораза сабырлылық пен төзімділікке үйретеді. Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Бойдағы ашу мен жеңілдігіне сабыр етіп, ақылы молая түседі.

Ауыз бекіте алмайтындардың ахуалы

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға пітір садақа беру — уәжіп. Бұл топқа ауруларының айығуы үміт етілмеген пенделер мен ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар міндетінің орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады немесе пітірді ақшалай береді. Мәселен, бір кедейді алпыс күн таңғы және кешкі уақытта тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең және кешке тамақтандыруы қажет. Бұл туралы Құранда Аллаһ Тағала: «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір , жарлының тамағын төлесін(Бақара», 184-аят)» ,– дейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, облыстық орталық мешіт қызметкерлерінің айтуынша, биылғы Рамазан айындағы пітір садақа жан басына 100 теңге болып белгіленді. Әрбір мұсылманның аталған теңгені ораза біткенше мешітке барып беруіне мүмкіндігі бар.

 

Ораза ұстайсыз ба?
Әбілқасым ДОСБОЛОВ, облыстық мәслихаттың депутаты.
– Сағындырып жеткен ұлық мереке құтты болсын! Өкінішке қарай, биыл ауыз бекіту бұйырмай тұр. Есесіне, жыл сайын ораза ұстағандарға ауызашар беруді отбасымызбен дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл да Қадір түнінде 50-60 адамға ас-ауқат беру жоспарымызда бар. Ауыз бекіткен барша мұсылман жамағатына оразаларыңыз қабыл болғай деймін.

Шәріпбек ЖАМАЛБЕК, Нұр Отан ХДП Партиялық бақылау кеңесінің төрағасы
– Соңғы жылдары ауыз бекітуге мүмкіндігім жоқ. Денсаулығыма байланысты бұл міндетті атқара алмай жүрмін. Былтыр жүрегіме ота жасаттым. Жақында ғана ауруханадан шықтым. Қазір күніне 4 мезгіл дәрі ішуім керек. Дегенмен, қасиетті айда ауызашар беру жылдағы әдетіміз. Жұбайым оразасын ешқашан қаза қылған емес. Қажылыққа да барып келді. Ал өзім, әзірге, денсаулығым сыр беріп, күтініп жүрмін.

Сағынғали Әбубәкіров ОҚМПИ-дің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры
– Барша отандастарымды ерекше мейраммен құттықтаймын! Расында, қасиетті айда құлшылыққа көңіл бөлуіміз ләзім. Оразаның денсаулыққа да пайдасы мол. Алайда, көп жылдардан бері ораза ұстау мүмкін болмай тұр. Әрине, денсаулығыма байланысты. Осы жағдай кесірін тигізуде. Бірақ үйде ұл-қыздарымның бәрі ауыз бекітеді.

Оралхан ДӘУІТОВ, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі.
– Ауыз бекітіп жатқаныма биыл мінеки, оныншы жыл. Ең алғаш 11 сыныпта оқып жүргенімде ниет еткенмін. Содан бері жыл сайын үзбей ұстауға тырысамын. Құдай бұйыртып, биыл да Рамазанға аман-есен жеттік. Шыны керек, бұл айдың нәпсіні тиюға пайдасы көп. Ең алдымен, өзіңді пенде екеніңді сезінесің. Мен үшін бір ай күйкі тірліктен арылып, рухани ләззат сыйлайтын Оразадан асқан мейрам жоқ. Осы мейрамда жан сарайым жадырап, кемелдене түсемін. Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын!