Шымкентте кешенді тестілеудің алғашқы нәтижелері белгілі болды

1256
Шымкентте кешенді тестілеудің алғашқы нәтижелері белгілі болды

Шымкентте кешенді тестілеу жүріп жатыр. Кеше өткен кешенді тесттің алғашқы легінің нәтижелері белгілі болды.

Шымкентте кешенді тестілеудің алғашқы нәтижелері белгілі болды

Ең жоғарғы көрсеткіш 96 балл болса, ең төменгісі – 6 балл. Бұл күні Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-де 1000 талапкер бағын сынаған. Айта өтейік, талапкердің жоғарғы оқу орнына түсуі үшін шектік балл – 50-ден кем болмауы тиіс.

Кешенді тестілеу жүрген университет алдына тест нәтижелері әдеттегідей тақтайшаларға ілінді. Абыр-сабыр болған талапкерлердің бірі бұл нәтижені көргенде төбесі көкке жетіп қуанса, енді бірі жыларман халге түсті.

Нұрсұлтан Мейрамбекұлы, талапкер: «Кешенді тест өте әділ өтті. Ешқандай телефон немесе көмек қағаздарын қолдануға мүмкіндік берілмеді. Төбемізде 4 бейнекамера орнатылған. Сондықтан барлығымыздың өз білімімізді танытуға мүмкіндігіміз болды. Ия, мен білімімді көрсете алдым. Шама-шарқым жеткенше тест сұрақтарына жауап бердім. 93 балл жинадым. Әрине 1 жыл бойы дайындалғанымның нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта мемлекеттік грантты жеңіп аламын деген мақсат та жоқ емес. Енді тек қана білімімді жетілдіріп, ата-анамның үмітін ақтағым келеді». 

Бекмұрат Жаңабай, талапкер: «Ия, Шымкент – Шымкенттігін жасайды ғой. Бұл жолы әділ өтеді деп үміттеніп, барлық көмектерден бас тартып, тіпті көмек қағаздарын да алып кірмедім. Ия, дұрыс жасадым. Бұл әрекетіме өкінбеймін ғой. Бірақ өзге де тест тапсырушылардың заңсыз әрекеттерін көргенде қатты қапаландым. Себебі, бұл – білім сынағы. Адам тек өз біліміне сенім артуы керек қой. Неліктен әділдік болмайды екен өзі. Шынымды айтсам, тіпті жоғарғы оқу орнына түсуге деген ықыласым су сепкендей басылды. Жәрайды маған бәрібір. Тек осылай жалғаса берсе, біздің елдің ертеңі не болар екен?! Әрине, осындай әділетсіздік орын алып отырғанда мен ел болашағы турасында ештеңе айта алмаймын. Өкінішті-ақ Қазақстанның үшінші астанасы болатын Шымқаланың жастарының әрекеті осындай болып отыр».

Бұл күні таңғы сағат 9-дан бастап нәтижеге қанағатанбаған талапкерлер үшін арнайы аппеляциялық топ жұмыс істеді. Болат Абишен Тараз қаласындағы Қордай ауыл шаруашылық колледжін жақсы бағаларға тәмамдапты. Ал кешенді тестілеуден 22 бал жинауын қисынсыз қойылған сұрақтармен байланыстырды.

 

 

Болат Абишен аппеляциялық комиссияға арызын айта келді

Болат Абишен , талапкер: «Мен 22 бал жинадым. Екі жарым сағат уақыт берілді. Бұл уақыт аз болса да үлгеруге болады әрине, білім тұрған адам ешуақытта қателеспейтінін мойындаймын. Десе де менің бір таңданатыным осы бір сауалдар қыр-соңымыздан қалмай қойды ғой. Мәселен, маған Қазақстан тарихы бойынша «Шыңғысханның қанша алтын тісі болған?» және «Роза Рымбаеваның шығармашылық кешінде киген көйлегінің түсі қандай?» деген сауалдар келді. Жарайды Шыңғысханды тарих сабағында өткен болармыз. Десе де оның алтын тісі турасында ешқандай сабақ өтпеген едік. Бұл аз десеңіз, Роза Рымбаева өзінің шығармашылық кешінде кемінде 5 көйлек ауыстырары даусыз ғой. Маған ақ, қара, қызыл, көк деген нұсқалары ұсынылыпты. Қайсысын белгілерімді білмей, қанша уақыт отырғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сондықтан, менің Білім министрлігіне өтінерім, алдағы тестілеуде мұндай қисынсыз сауалдарды қоймаса екен. Адам өзі қобалжып, сасқалақтап отырғанда осы сауал адамды қаншама қиын жағдайға жеткізеді. Сасқанымнан 2 литр су ішіп қойыппын. Әрине, мұндай мәнсіз-қисынсыз сауалдарды тенстілеуден алып тастауды қашанғы өтіне береміз. Сондықтан, аппеляцияға келдім. Қарап отырсам, олардан да нәтиже жоқ. Бет бақтырмайды. Енді әділдікті қайдан іздеймін?! Кімге мұңымды шағамын. Осы бір жоғарғы оқу орнына түсіп, Отанымыздың отын өшірмей ұстайтын біз болғандықтан шыр-пыр болып жүррмін да. Әйтпесе, үлкендер де біледі ғой осындай сауалдардың біздің уақытымызды жоғалтатынын».

Осылайша жинаған балына наразы болып келгендердің саны мен қанша талапкерге қосымша бал қосылғанын комиссия хатшысынан сұрағанымызда жауап беруге үзілді -кесілді қарсылық білдірді. Таңғы сағат 9-дан түскі сағат 2-ге дейін тексеретін арнайы аппеляциялық топтың, тіпті кешкі сағат 5-те де уақыты болмады. Отырған ғимараттарына барғанымызда кіргізбей есікті тарс жапты. Ал қоңырау шалып, еш болмағанда қанша адам аппеляцияға келгенін сұрағанымызда да жауап беруден бас тартты.

Тынлыбек Бажиров, аппеляциялық комиссияның хатшысы: «Біз тек сағат 6-дан кейін ғана босаймыз. Жұмыс көп.

Апплеляциялық комиссия мүшелері жауап беруден бас тартты

Оңай деп тұрсыңдар ма?! Ештеңе айта алмаймыз. Министрліктен келген адам ғана жауап бере алады. Біздің қолымыз тимейді. Сондықтан бізді мазаламаңыздар. Былайша айтқанда ол кісінің уақыты жоқ. Ал бізге бұл сауалдарға жауап беруге ол кісі тікелей тыйым салып отыр».

Міне, аппеляциялық комиссия осылайша жауаптан жалтарды. Ал ел ертеңін елестете алатын жастардың үміті де бір жақты болды. Көңіл күйлері болмай, бастары салбырап қайтқан түлектердің ендігі жоспары өздеріне ғана аян. Айта өтейік, облысымызда кешенді тестілеуді тапсыруға 9000-нан астам талапкер өтініш білдіріпті. Бейсенбі күннен бастау алған білім сынағы 4 күн бойы жалғасады деп күтілуде.