Шымкенттегі фоторадарлардың тең жартысы жарамсыз

212

Шымкентте көлік қозғалысын реттеуге көмек болады деп орнатылған фоторадарлардың тең жартысы жарамсыз. Ал көлік апаттарының көбеюіне жылдамдықты шамадан тыс арттыру негізгі себеп болып отыр. Мұны мамандар да растауда. Жол белгілерінің талапқа сай орнатылмауы да ахуалды тіптен күрделендіруде. 

Шымкенттегі фоторадарлар дегенде әдетте Қонаев даңғылындағы техника еске түседі. Бұған Рысқұлов, Темірлан және Ташкент тас жолы бойындағы радарларды қосыңыз. Былтыр облыс қоржынына қомақты болып бөлінген қаржыға алынған олар қазір түкке де жарамсыз болып қалып отыр.

Бірақ қомақты қаржының желге ұшқанына қынжылып отырған ешкім жоқ. Жүргізушілерге керегі де осы. Сұрақ жауап осыны аңғартты.

Жол полициясы басқармасына қарасты процессингілік орталықтағылардың да бұл тұрғыда қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Істен шыққан техникаларды жөндеуге бас қатырғысы келмейді. Өндірілмеген айыппұлдар өз алдына бөлек әңгіме. Жұмыс істеп тұрған санаулы ғана фоторадарға тіркелген көлік саны көп. Бірақ қазір процессингілік орталыққа келіп, қарызын өтеушілердің қатары сирек.

Бүгінге дейін жылдамдықты асырып жүйткитін жүргізушілердің тек 38 пайызы ғана айыппұл төлеген. Бұл туралы басшылық та түсінік беруден бас тартты.

Бір фоторадардың құны 8,5 млн. теңге екенін ескерсек, онда шахардағы саны бар, сапасы жоқ құрылғыларға қанша қаржы жұмсалғанын өзіңіз-ақ есептей беріңіз. Жыл сайын техникалық жабдықталуға млн.-даған қаржы сұрайтын погондылар осы жолы қазына қоржынынан алынған ақшаны желге ұшырды десек, артық айтпаспыз.