«Т. Рысқұлов көшесі көлік қозғалысы үшін ашылды»: Жаяу жүргіншілер өткелі қашан аяқталады?

94

Үшінші мегаполис тұрғындарын алаңдатқан жолайырық мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Алайда құрылыс толық аяқталмаған көрінеді. Яғни, жолайырық көлік қозғалысы үшін ашылғанымен абаттандыру жұмыстары келесі жылға қалдырылған. Ал темір тұлпар өтуге рұқсат етілген жолдан жаяу жүргіншілер өте ала ма? Келесі жоспар Ұ. Арғынбеков пен Бәйдібек би көшесі қашан жабылады?

Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесіндегі жолайырық толығымен жол-көлік қозғалысы үшін ашылды. Енді көлік жүргізушілері еш қиындықсыз жаңа әрі тиімді жолмен жүруге мүмкіндігі бар. Ал нысанды аралап өткен Шымкент әкімі жоспар мерзімінен бұрын аяқталғанын жеткізді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қала тұрғындарының бәрін құттықтауға рұқсат етіңіздер. Міне, бүгін Т. Рысқұлов көшесін ашуға бүгін мүмкіншілік жасадық. Қазірден бастап, міне бүгіннен бастап Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесі 100 пайыз автокөліктерге ашық болады».

Қаладағы кептелістен шаршаған жүргізушілер де бұл жаңалыққа қуанышты екендерін жеткізді. Жолайырық жабық кезде біраз қиындық тудырды деген мегаполис тұрғындары енді бардық көлік тізгіндеген жандарға тиімді болды дейді. Сондай-ақ кейбірі мұндай жолайрықтар көбейсе екен деген тілегін білдірді.

Бірақ мұнымен жолайрық құрылысы толық аяқталған жоқ. Әлі жасыл-желек отырғызып, абаттандыру жұмыстары бар екен. Бұл шамамен көктем мезгіліне жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоспарға кейіндеу енгізілген жерасты өткелі де әлі пайдалануға берілмеді. Бірақ әзірге уақытша жолақ дайындалыпты.

Бұл жолайырықтың жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелі. Бірақ мұнда көріп тұрғандарыңыздай әлі құрылыс жұмысы аяқталған жоқ. Мамандардың айтуынша бұл да 2022 жылға өтпелі екен.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Негізі бұл проект екі жылдық проект. Негізі қаңтар айында бастады. Бүгін көліктерді жүргізіп жатырмыз. Енді жерасты өткелі және абаттандыру жұмыстары қалды. Бұл негізі келесі жылға өтпелі. Келесі жылдың біз ойлап отырмыз сәуір айында толық тапсырамыз деп. Бұның құны қосымша қосылған 435 милионды құрап отыр».

Айта кетейік, бұған дейін Д. Қонаев-Т. Рысқұлов көшелері пайдалануға берілсе, Ұ. Арғынбеков пен Бәйдібек би көшесінде көлік қозғалысын тоқтату ұсынылған еді. Алайда мегаполис әкімі халыққа тиімді болу үшін желтоқсан айынан емес, қаңтардың бесінен бастап жолды жабу керек екенін жеткізді. Себебі, жаңа жылдық қарбаласта тұрғындарға қиындық тудыруы мүмкін.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева