Жалақымызды ала-алмай жүрміз. Бүгін арнамызға табан ақы, маңдай терімен тапқан еңбекақыларына қол жеткізе алмай жүргендеріне шағымданып, балабақша тәрбиешілері келді. «Ұлас» бөбекжайына жұмысқа тұрғалы көк тиын да алған жоқпыз деп арызын айтқан қызметкерлер сөздерін сөйлер ешбір тараптың қалмағанын айтады.
Бірі бір ай, екіншісі екі ай жұмыс істесе де, жалақымен жарылқанбаған Ұлжалғас Молдашева мен Бақтыгүл Сармантаевалар бөбекжай жаңадан ашылғанда отымен кіріп, күлімен шыққан жұмысшылар. Сөздеріне сенсек, негізгі міндетінен бөлек қос қызметкер балабақшаның ыдыс-аяғын да жуған, көрпе-төсегін де тіккен. Осылай еңбек етудің арқасында жекеменшік мекеме аяғынан тік тұрып кетсе, өздеріне де жақсы болады деп ойлаған. Дегенмен, бар бәле табанақы, маңдай тердің өтеуіне келгенде шыққан. Себебі, жалақысын талап еткен тәрбиешілерден мекеме меңгерушісі ат-тонын ала қашыпты.
Бақтыгүл САРМАНТАЕВА, тәрбиеші: «Айлық жалақымызды бер десек, бүгін, ертең деп созады. Одан қала берді, ақшаның жоқтығын сылтау етеді. Бірақ күнде балабақшаға қажетті қымбат заттарды бөбекжай меңгерушісінің сатып әкеліп жатқанына талай куә болдық. Компьютерім бұзылып қалды, көлігім сынып қалды дейді. Апатқа тап болғанын айтып, әйтеуір бір сылтау табады».
Ұлжалғас МОЛДАШЕВА, балабақшаның медицина қызметкері: «Әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасына арыздандық. «Нұр Отан» партиясына да шағымдандық. Қаржы полициясы да назарымыздан тыс қалған жоқ. Осылайша, шағымданбаған жеріміз қалмады. Арада бір ай өтті. Ешқандай нәтиже жоқ. Ешбір құзырлы мекеме түсіндіру үшін шақырайын да демейді. Мұны білген балабақша меңгерушісі білгендеріңді істеңдер. Мен барлығын да сатып алғанмын дейді. Жұмыстан шығып кетіп, жалақысын даулап жүрген бір-екі қызға да телефон арқылы хабарласып қоқан-лоққы көрсетіпті. Енді міне, бізден ақша төлемеудің амалын іздеп қашып жүр».
Тағы бір сөзінде, Ұ.Молдашева қалалық білім бөлімінен тексеру комиссиясы келгенде бөбекжайдағы балаларды сол маңдағы бір пәтерге көшіріп, тығып қоятынын айтты. Екі-үш күндеп бір бөлмелі қуысқа тығылған 3-4 жастағы бүлдіршіндер бұл жағдайды үйдегі ата-анасына толық түсіндіріп, жеткізуі неғайбыл екенін де кез келген адам түсінері хақ.
Құқығы тапталған тәрбиешілермен бірге «Ұлас» балабақшасына бет түзедік. Меңгерушінің уәжін де тыңдадық. Мекеме басшысы Балжан Ақпанбетованың айтуынша, жұмысқа қабылданған кез келген тәрбиеші тиісті жалақысын дер кезінде алып отырған. Ал журналистерге шағымданып келген азаматшалардың бұл ісі нағыз жала-мыс. Тіпті, айлық төленгені жөнінде құжаттар да түзілген. Меңгерушіден оның көшірмесін көрсетуін сұрағанда оның тексеруде жатқанын айтып, мүмкіндіктің жоғын айтты. Мұны естіп, бізбен бірге беттесуге барған Ұ.Молдашева мен Б.Сармантаевалар Балжан апайының жалған сөйлеп тұрғанын айтып, шыр-пыры шықты. Шатысқан шатақ. Сонда кімге сенуге болады?
Жалақыға қатысты мәселенің бұлайша ушығуына жұмыс беруші мен жұмысшының арасында жасалмаған тиісті құжат себеп. Сондықтан оншақты балабақша қызметкері осындай күйге түсіп отыр. Бұл жауапты бізге ОҚО бойынша бақылау және еңбекті қорғау департаментінің қызметкерлері түсіндірді. Еңбек инспекторлары шағымданып келген азаматшалардың балабақшада істегенін ҚҰЖАТ жүзінде дәлелдей алмапты. Сондықтан еңбекақы өндірілмейді.
Ғабит АҚБЕРДИЕВ, ОҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы: «Тек, Жақсыбаева Нұргүл есімді азаматшаның ғана жұмыс істегені дәлелденді. Онда да 2-2,5 ай емес, екі апта ғана жұмыс істегені дәлелденді. Жалақы қарызы 7700 теңге екені анықталып, жұмыс берушіге әкімшілік шара көрілді. Және төленбеген жалақыны тез арада төлеу жөнінде нұсқама берілді». Ал қалған арызданған екі азаматшаның мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Өйткені, олардың бұл балабақшада жұмыс істегенін дәлелдейтін құжат жасалмаған».
Қалған шағымданушылар сотқа жүгінуі тиіс дейді инспекторлар. Арнайы тексеру арқылы ғана қиянат жасалған еңбекақысын өндіріп алуға болады екен, сөздерінше. Осы орайда еңбек инспекторлары жұмысқа тұрған кез келген азамат жұмыс берушімен құжат жүзінде келісімге тұрып, өзінің құқықтары жайлы білу керегін ескертеді. Сонда ғана жоғарыда сөз еткен балабақша қызметкерлерінің жағдайына түспеуіңіз мүмкін.