Бейісбековтер отбасы көркемсурет галереясын ашуды жоспарлап отыр

757
Бейсбековтер отбасы көркемсурет галереясын ашуды жоспарлап отыр

«Сүндет той», «Өмір доңғалағы», «Жеті қазына», «Бұқа», «Ана – өмір диірмені», «Күнбағыс», «Тас таңба – балалық шақ». Осылай

Берік Бейсбековтің қолөнер туындысы

аталған қайталанбас құнды дүниелерді Бейсбектер отбасының көрмесінен тамашалай аласыздар. Қазақстан Республикасы, суретшілер одағының мүшесі Берік Бейсбеков Полатұлы бүгінде өз үйінде отырып-ақ қолөнер бұйымдарын жасайды.1985 жылы Арыс қаласында дүниеге келген.Әбілхан Қастеев атындағы Шымкент көркем сурет колледжінің “Былғарыны көркемдеп өңдеу ” мамандығына түскен. 2004 жылы колледжді бітіріп, 2005 жылы халықаралық Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ – түрік университетінде “Компьютерлік графика” мамандығында білімін жетілдірген. Бүгінге дейін көптеген облыстық, республикалық қала берді халықаралық бауқауларда жүлделі орындары иеленген ол облысымыздағы қолөнердің дамуына сүбелі үлесін қосып жүр. Бұлай деуге негіз де бар. Себебі, Республикамыздың түкпір-түкпірінен қолөнер бұйымдарына тапсырыс толассыз түсіп отырады. 

Берік Бейсбеков теріні көркемдеп өңдеу өнерін меңгергенімен мақтанады

Берік Бейсбеков, қолөнерші: «Мен 5 жасымнан бері қолөнерден қол үзбей келемін. Ата-анам өнер адамдары. Олар да қолөнердің қыр-сырын меңгерген. Сондықтан болар мен де осы бір салаға бет бұрдым. Еш өкінбеймін. Анығырақ айтсам, екінші рет дүниеге келсем де мен осы қолөнерді таңдар едім. Себебі, теріні көркемдеу өнері – қазақ халқының бізге мирас болған аманаты. Сол үшін бұл өнерді дамыту және келешекке дәріптеу бізге артылған жауапты жүк. Бұл тері арқылы халқымыздың көптеген қолөнерін жаңғыртуға болатынын шегелеп айтқым келеді. Бағалы, құнды қолөнердің дүниеге келуі де маңызды. Себебі, қазақ халқының бізге мирас болған ұлттық құндылықтарын ұлықтауда мен міндетімді атқарып жүрмін деп санаймын. Қазақ өзі текті халықпыз ғой, сондықтан тектілікті де осындай құнды қасиеттерімізбен таныта білуіміз керек». 

Сондай-ақ, Берік – табиғаттың тылсым сырларына тіл бітіріп, бейнелеу өнерінің байырғы сипатын жаңғыртып жүрген суретші. «Жігітке жеті өнер де аз» деген аталы сөзге құлақ асқан Берік бүгінде 3 перзенттің әкесі. Жары Мадина да қолөнерден құр алақан емес. Кілем, гобилен тоқуда шебер маман. Берік екеуі бір жоғарғы оқу орынында оқыған. Анығырақ айтсақ, Мадина Ахметова – жоғарғы оқу орнын «тоқыма» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде үйде отырып-ақ кез келген қазақтың ою-өрнегін үйлестіре кілемдер тоқиды. Кереметтей гобилендері бір төбе. Кесте, кез келген тоқыма

Берік Бейсбектің жасаған қолөнер туындысы

түрлерін көрсеткенде көзің тоймайды. Үйлерінің кіре берістерінен басталған қазақтың оюлы кілемдері еріксіз көз тартады. 

Мадина Ахметова, Беріктің жары: «Иә, Берік екеумізді таныстырған-табыстырған да осы қолөнердің құдіреті болса керек. Себебі, бір жоғарғы оқу орнында жүргенде де біз бір дүниені ойға түйдік Яғни қазақтың қолөнерін дәріптеп, ұмыт қалған түрлерін жаңғыртқымыз келді. Сондықтан, бүгінде көптеген тұщымды туындыларды жасадық. Халықаралық көрмелерде жоғарғы дәрежеге ие болдық. Қазақтың қолөнерімен танысқан өзге ұлт өкілдері тәнті болғанын көргенде біз үшін бұдан артық бақыт жоқтай болып көрінді. Ендеше, әрбір туындыны жасаған сайын, осы бір кездеріміз еріксіз еске түсіп жігерлендіре түседі».

Қолөнер шебері осылай дейді. Оймақтай ойы орынды да. Халқымыздың өткенін еске салатын, келешегіне өнеге болатын өнерді қолға алып жүрген Бейсбековтер отбасы алдағы уақытқа жоспарлаған жұмыстары жетерлік. Ендеше, жоспарлары жүзеге асып, талаптары жансын дейміз.