«Әйелдер не дейді?»
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Алпысқызының шаңырақ көтеріп, отау тіккендеріне биыл, тамыздың 25-і күні 50 жыл толатын көрінеді. Осынау мәртебелі «Алтын той» егелеріне қандай сыйлық жасасақ екен деп шымкенттік шенеуніктерден маза кете бастапты.
* * *
Асылжан Мамытбековтың Елбасыдан қайта-қайта ескерту алып, сыналып жатқаны бар. Астаналықтар мұны «Асылжан жақында ауысадыға» болжап отыр. Егер олардың болжамы расқа шығып, А.Мамытбеков Қостанайға немесе Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалса, таңғалуға болмайды. Өйткені, ол аталған екі өңірде де облыс әкімінің орынбасары болып істеген, жергілікті жердің тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Президенттің Атырау сапарынан кейін Қостанайға ат басын бұруы да, бәлкім тегін емес шығар. Ал «Асқар Мырзахметов Ауылшаруашылығы министрі болады» деген астаналықтардың болжамы қаншалықты шындыққа айналарын кім білсін. Әзірге облыстың әкімі де, Ауылшаруашылығы министрі де орнында отыр
* * *
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты деген ақпарат дүйсенбі күні әлеуметтік желілерде желдей есіп кетті. Естеріңізде болса, өткен аптада ғана Президент Рысқалиевті қызметінен босатып, орнына Б.Ізмұхамедовты тағайындаған болатын. Сол кезде ресми ақпараттарда Рысқалиев қызметінен денсаулығына бола босатылды делініп еді. Ал, оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы құқық қорғау органдары тарапынан әл-әзір ресми ақпарат айтылған жоқ.
* * *
Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин үйленгелі жатыр. Кейбір БАҚ-та жарияланғандай ол Светлана Подобедованың күйеуі емес. Жәй ғана, Светланаға Қазақстанның азаматтығын алып беру үшін, шартты түрде некеге тұрғаны болмаса. Себебі, олимпиадаға қатысу үшін легионер спортшыларымызда ең кемі 3 жыл бұрын Қазақстанның азаматтығын алғандығы туралы анықтамалары болуы керек.
Қызылордалық спортшы Илья енді шынымен-ақ үйленбекші. Оның айтуынша, аста-төк той жасау жоспарланып отырған жоқ. Осы кезге дейін азаматтық некедегі жары болып келген Наталья Кулаковаға Лондон олимпиадасынан кейін заңды түрде некелесетіндігін айтып уәде еткен екен. Даңқты спортшы сол уәдесін орындамақшы. Тойға ет жақындарын ғана шақыруды жоспарлап отыр екен.
* * *
Ел құлағы елу десек те ауыздан ауызға тарап жататын әңгімелердің кейде шындыққа жанасып жататын тұстары да аз емес. Шымкенттіктер үшін оншақты күннен бері ғаламат жаңалық болған «Бекжан» базарының өртенуі шемішке сатып отырған қарапайым сатушыдан бастап үлкен «посттарда» отырған шенеуніктер үшін де қызу талқы нысанына айналған. Білетіндердің айтуынша, базар аумағы біраз уақыт бұрын арабтарға миллиондаған қаржыға сатылып кетіпті. Сондай-ақ, базарды көшіру туралы билік тарапынан астыртын шешім шықса керек. Базар басшылары болса мұны тірі жанға айтпастан, ештеңе болмағандай саудагерлерден алдағы жарты жылда төлеулері тиіс салықты түгел жинап алып, соңынан әдейі өрт қойыпты-мыс. Базар қыруар ақшаға сақтандырылғанын ескерсек, арабтан бір, саудагерлерден екі, сақтандыру компаниясынан үшінші ақшаға қол жеткізіпті-міс.