Қазығұртта қордаланған мәселе көп

626
ауданда атқарылар шаруа көп
ауданда атқарылар шаруа көп
ауданда атқарылар шаруа көп

Қазығұрт ауданы облыстық рейтингте даму серпiнi бойынша 12-орында қалып қойған. Бюджеттiң кiрiсi 6 айда жоспарланған межеден 4 миллион теңгеге кем. Сондай-ақ, аудан қазынасының 23 миллион қаржысы игерусiз қалған. Аудан басшылығының жайбасарлығынан әлеуметтiк маңызы бар нысандардың құрылысына қаржы бөлiнбей қалуы мүмкiн. Ауданға іс сапарлап барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов осылай деді.

Өңiр басшысы Қарабау, Жаңабазар ауыл округтерiне тартылып жатқан құбырлармен танысты. Оның жалпы құны — 1 миллиард 784 миллион теңге. Жергiлiктi мердiгер «Шаңырақ – ХХI» компаниясы бұл қаржыға 198 шақырым құбыр тартуы тиiс. Жалпы, биыл бiр ғана Қазығұртта 37 ауылдың тұрғындары «көгiлдiр отынға» қол жеткiзедi.

құбыр ауданның 74 пайызын газбен қамтиды
құбыр ауданның 74 пайызын газбен қамтиды

Мұнан кейiн Асқар Мырзахметов Алтынтөбе – Тұрбат бағытындағы тасжолдың жағдайын көрдi. Ұзындығы 22 шақырымды құрайтын жолдың 8 шақырымы асфальтталған. Қалған 14 шақырымына қиыршық тас төселген. Аудан басшылығы осы жолды асфальттау үшiн жобалық-сметалық құжаттар әзiрлептi. Құрылыстың құны — 102 миллион теңге. Неге екенi түсiнiксiз, екi ауыл округiн жалғап жатқан жол облыстық маңызы бар тасжолдардың санатына жатқызылыпты. Аудан әкiмi осыны алға тартып, облыстық бюджеттен қаржы бөлудi сұрады.Алайда, өзге де күрделі мәселелердің маңыздылығын алға тартқан өңір басшысы тасжолды кейін талқылайық деп ысырып тастады.

2011 жылдан бері мектеп жабылған
2011 жылдан бері мектеп жабылған

Аудандағы тағы бiр өзектi мәселе – мектептердiң ғимараттары. Облыс әкiмi Алтынтөбе ауылдық округiндегi «Қаржан» орта мектебiнiң жағдайымен танысты. Үш жүз орынды бiлiм ұясының шағын-шағын 4 ғимараты бар. 1938 жылы саманнан салынған ғимаратта бала оқытуды былай қойғанда, оған кiрудiң өзi мұң. Қабырғалары құлап, iргесi сөгiлiп құлағалы тұр. Бұл ғимарат соттың шешiмiмен жабылған.

Қалғандарының да жағдайы мәз емес. Бүгiнгi талаптарға мүлде сәйкес келмейдi. Ауылға жаңа мектеп салу үшiн 2010 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзiрленiп, облыс қазынасынан 488 миллион теңге бөлу жөнiнде ұсыныс енгiзiлiптi. Алайда, облыс басшылығы жобаның тым қымбат екенiн айтып, керi қайтарды.

Сондай-ақ, А.Мырзахметов жеке кәсiпкер М.Естемiсовтiң мал бордақылау алаңының, «Шик-трейд» тiгiн цехының тыныс-тiршiлiгiмен және Шарбұлақ ауылындағы су жүйесiнiң жөндеу жұмыстарымен танысты. Соңынан аудан әкiмдiгiнде аймақ активiнiң кеңейтiлген мәжiлiсi өттi. Алдымен, Қазығұрт ауданында «Бизнестiң жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жұмыс тым мардымсыз жүргiзiлiп жатқаны алдымен тілге тиек етілді. Бiрiншi жартыжылдықта бағдарлама шеңберiнде 15 жобаны қаржыландыру жоспарланса, оның бiрде-бiрi жүзеге аспаған. Екiншiден, облыстың индустриалды картасына барлығы 150 жоба енген болса, соның 2-еуi ғана Қазығұртта жүзеге асырылуда. Сондықтан аудан облыстық рейтингте даму серпiнi бойынша соңында қалып қойған.

Бюджеттiң кiрiсi 6 айда жоспарланған межеден 4 миллион теңгеге кем. Сондай-ақ, аудан қазынасының қомақты қаржы игерусiз қалған. Бұл аудандар арасындағы ең нашар көрсеткiштердiң бiрi. Ауданның білім саласы да көңілден шықпады. Биыл аймақтағы мектеп бiтiрушiлердiң ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы 67-нiң төңiрегiнде. Бұл облыстағы орташа көрсеткiштен шамамен 8 баллға төмен. Оның үстiне аудан ҰБТ қорытындысы бойынша 3 жыл қатарынан аудандар арасында соңғы үштiктен көтерiле алмай келедi. Аймақта мәдениет саласының ахуалы да мәз емес.

Қазығұттағы 11 мәдениет үйiнiң бiрде-бiреуiнiң материалдық-техникалық базасы талапқа сәйкес келмейдi. Облыс әкiмiнiң орынбасарлары мен басқарма басшыларының осы және басқа да ескертпелерiнiң орынды екенiн мойындаған Болатбек Қыстауов кемшiлiктердi түзету үшін жұмыс жасайтынын айтты.