Кентаудағы тұл жетімдер баспаналы болды

569
Борашевтар баспаналы болды
Борашевтар баспаналы болды

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Кентау қаласындағы тұл жетім Борашевтар отбасына қала әкімдігі екі бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Бұған дейін нағашыларында болған бір ұл мен төрт қыз енді өз шаңырақтарының болғанына қуанышты.

Ата-анасынан ертерек айрылған отбасы мүшелерінің әрбірі әр отбасында өмір сүріп келген болатын. Басыбайлы баспана қуанышы бауырларды бір шаңыраққа жинады.

Асылзат Борашева,қуаныш иесі:«Менің атым – Асылзат. Жасым 7-де. Бұған дейін нағашы әжемнің үйінде тұрғанбыз, кәзір бізге әкім үй берді. Әпшелеріммен ойнап отырмын. Қала әкіміне көп-көп рахмет».

Өмірдің қиын жағдайына душар болған жасөспірімдердің үлкені Бекзат 18 жасқа толып отыр. Мектеп жасындағы қарындастарын өз қамқорлығына алған. Өкіметтен қаралған көмекке күн көруде.

Бекзат Борашев, қуаныш иесі: «Бүгін бізге Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсалов 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Мен төрт қарындасыммен осы үйде тұратын боламыз. Қыздардың жағдайын өзім жасаймын. Өз қамқорлығыма аламын. Өзім қараймын. Өзім жетілдіремін».

Борашевтар отбасының күнделікті өмірін қадағалаушы қалалық білім беру бөлімі пәтердің ағымдағы жөндеуі мен тұрмыстық заттарды алуға көмек беріпті. Дәл осындай қаладағы 600 отбасының киім-кешек және мектеп құралдарын алуға қаржы қаралған.

Қайрат Қабылбеков, Кентау қалалық білім беру бөлімінің бас маманы: «Борашев Бекзаттың қамқорлығында 4 қарындасы бар. Өзінен кейінгі қарындасы қаламыздағы колледжде бастауыш сынып мамандығын таңдап отыр, сонда оқуға барады. Одан кейінгі мектеп жасындағы қарындастары Б.Момышұлы атындағы мектепке барады деп жанұясымен ақылдасып отыр. Өз қалауларында. Қай мектепке барса да жол ашық».

Бекзат Борашев, қуаныш иесі: «Бұған дейін жұмыс істеп келгенмін. Қазір боспын. Жайлап қарастырып жатырмын».

Қала әкімі Бекзаттың жұмыспен қамтылуын өз қадағалауына алыпты. Мұндай қамқорлықтар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VxbNFH192E0[/youtube]