Республикада биыл орын алған қуаңшылықтан Оңтүстіктің шаруалары да шөп тапшылығын сезіне бастады. Қазір нарықтағы престелген жоңышқаның бағасы 600-700 теңгенің үстіне бір-ақ шыққан. Бұл соңғы 20 күнде көтерілген құн. Жұрт 1000 теңгеге дейін көтеріледі екен десіп жүр.
Бағасы күрт қымбаттаған соң шөпті алушылар да азайып кетті дейді жеке кәсіпкер Рустам Халвашиков. Соңғы кездері шөп сатушының бір машинеге тиеп әкелген мал азығын Шымкенттің базарларында екі-үш күндеп сата алмайтындар жиілеген. Айтуынша, биылғы құрғақшылық егістікті күйдіріп, жемшөп бағасының күрт қымбаттауына себеп болған. Ауылдағы шөптің күн санап азайып бара жатқанын алға тартқан сатушы сатылымдағы тауарын да қымбаттатпасқа амалы қалмапты. «Престелген жоңышқа данасын 530 теңгеден деп тұрмыз. 500-ге де алмай жатыр. Жақында тағы да қымбаттайды дейді. Білмеймін ол кезде саудамыздың қалай боларын. Өйткені, шөптің өзі тамағымыздан қымбат болып кетті ғой», — дейді Р.Халвашиков.
Сонда қорадағы мал немен қоректеніп жатыр? Әзірге, мұның амалын шаруалар былтыр сатып алған жоңышқасымен жасап жатыр.
Жол ақысы бар, қызмет ақысы бар, Шымкентке жеткен шөптің сатылу бағасына үстеме ақша одан сайын қосылатыны түсінікті. Мал өсіретін Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандарындағымалдың жайы қалай? Мәз емес дейді аталған аудандардың шаруалары. Бәйдібекте бүгінде құнарлы қыр шөбінің бір пресі 700 теңге. Сабанның да құны осы жобада. Жоңышқа 1000 теңгеге жеткен. Түлкібаста да оңып тұрған ештеңе жоқ. Былтырғыға қарағанда мұнда мал азығы 2-3 есеге дейін өскен. Мәселен, өткен жылы жоңышқа 150-200 теңге болса, биыл ол 500-ден арзан болмай тұр. Шардарада да 350-400 теңгенің көлемінде. Тек, Созақ пен Отырарда мал азығының құны анау айтқан қымбаттамаған.
Жеке кәсіпкерлер мен шаруалар мал азығының жоқтығын айтып, осылайша, байбалам салып жатқанда, облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағы мамандар бұған алаңдаудың қажеті жоқтығын айтуда. Олар берген мәліметке жүгінсек, облыста 180 мың гектар алқап биыл жоңышқалыққа арналған. Бұл облыстағы төрт түлікті түгел қамтамасыз ете алады. Ал престелген шөп бағасының қымбаттауына ауылшаруашылығы мамандары ықпал ете алмайды. Өйткені, бұл жеке кәсіпкердің құзырындағы іс білем.
Низамиддин ПІРМАНОВ Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары: «Иә, шөп былтырғыдай емес. Биыл аздау. Аз деген сөз шөп жоқ деген сөз емес. Кейде жерге ештеңе шықпай қалады. Ондай жағдай жоқ. Қазір егістік алқапқа шығыңызшы, шөп деген жетерлік. Соны орып жатқан адам бар ма? Жоқшылық байқала ма? Күре жол жағасындағы шөпті кім орып жатыр? Тұр ғой шөп. Егер шөп жоқ болса соның бәрін әкетіп қалар еді ғой. Сондықтан ауылда шөп жоқ деген жаңсақ пікір».