Eркектердің сұрағы…

Олжас сүрбойдақ емес екен

«Әйелдер не дейді?»

Олжас сүрбойдақ емес екен…

Олжас сүрбойдақ емес екен

«Хабар» арнасындағы «Сонымен солай дейік» ток-шоуының жүргізушісі, бұған дейін «Базар жоқта» әртіс боп Жүрсін Ерман, Иманғали Тасмағанбетов, Ахметжан Есімовтердің дауысын айнытпай салып келген пародист Олжас Сыдықбек БАҚ-та берген сұхбаттарында ылғи өзінің бойдақ екенін, көңілінен шығатын аруды кездестіре алмай жүргенін айтып келген-ді. Сөйтсек Олжас бауырымыздың бұрын түркістандық Г. есімді қызбен некелескені, артынан ажырасқаны, одан туған қызының бары белгілі болды.

Біз бұны таяуда «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жарияланған Олжас пен Г-ның үйлену тойынан түсірілген суреттерінен білдік. Суретте екі жақтан келген құдалар да, туыстары да барлығы отыр. Ақ некеден туған қызы Бағымның да суретін көріп қалдық. Олжастың әп-әдемі келіншегінен жерініп, неліктен ажырасып кеткенін түсіне алмай дал болдық. Гу-гу әңгімелерден ұққанымыз Олжас мектепті де, ЖОО-ны да қызыл дипломмен бітірген, ақылына көркі сай, қасиетті Түркістан қаласында туып-өскен Г-ны шынайы жақсы көрмепті. Байқаусызда екіқабат етіп қойған соң қызға үйленуіне тура келген. Мұны Олжасты танитындардың барлығы білетін болса керек. Осылай бола тұра танымал пародистің газет бетінде беті шімірікпестен «үйленбегенмін, бойдақпын» деуі не үшін керек болғаны түсініксіз.

Кадрлардан қадір қашқаны ма?

«Бұрын облыс әкімдігі жанында «Алтын қор» атты кадрлар қоры жұмыс істейтін. Онда әбден сүзгіден өткен, мемлекеттік қызметте мінсіз жұмыс істей алады дегендер кадрлар резервінің тізімінде тұратын. Ауыс-түйіс жасарда облыс әкімі сол тізімге бір қарап қоятын-ды», – дейді редакциямызға хабарласқан оқырмандардың бірі. Ары қарай ол азамат, бұл күндері осы тәртіп, осы қағидат сақталмай жатқанын, әсіресе, оңтүстікқазақстандықтар «шіли» тани бермейтін, сырттан кадр тарту белең алғанын айтып ашынды.

«2,5 млн. халқы бар облысымыздан лайықты маман, лауазымды қызметке ұялмай қоятын азаматтың табылмай қалуы мүмкін емес қой, неге мемлекеттік қызметке сырттан, өзге облыстардан маман тарту көбейіп кетті?» дейді. Шынымен-ақ, ойланатын нәрсе екен…

Қашып кеткен соң іздеу жарияланады

Қашып кеткен соң іздеу жарияланады

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті жауапкершілікке тарту үшін таппай қалғанымыз аздай, оның бауыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқалиевтің де осы аптада қайда жүргені белгісіз деген ақпарат тарады. Жемқорлыққа белшесінен батып, сыбайласқан деп айып тағылып отырған бауырлар осылайша Қазақстанда жоқ боп шықты. Осыдан кейін-ақ, ел арасында «бізде үнемі солай, бірінші қашып кетуіне жағдай туғызып алып, артынша іздеу жариялаймыз» деген сөз желдей есіп жүр. Шынымен де солай болғаны ма?

Жолды кеңейту дауға айналмақ

Ақсукент пен Шымкент қаласы арасындағы жолды 6 метрге кеңейту туралы ұсыныс осыдан 2 жыл бұрын талқыға түскен. Сайрам аудандық әкімдігі сол кезде-ақ жол бойындағы нысан иелеріне «6 метр кеңейетіндіктен жол бойындағы ғимараттарыңызды көшіріңіздер» деп ескерту берген екен. Енді сол екі жыл өтіп, жолдың кеңеюіне байланысты мәселе дауға айналуда. Әсіресе осы жол бойына тойхана, жанар май құю стансаларын салған қалталы бизнесмендер «бұл қайдан шыққан заң» деп бағынбай отырғанға ұқсайды.