Úı ANONS Облыс әкімі тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі тұрғындармен кездесті

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бейресми саммитке қатысты қорытынды жиын өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров зиялы қауым, кәсіпкерлер мен жастармен кездесті. Олармен пікір аймасып, аймақтың инвестициялық әлеуеті, сыртқы саудадағы стратегиялық серіктестері және экономикалық мүмкіндіктері туралы сөз сөйледі.

 

Түркістандағы жаңа этно-туристік кешенде облыс әкімі Нұралхан Көшеров зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлерімен, жастарымен және белсенді азаматтармен кездесті. Жиында Көшеров жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті қорытындысына тоқталып, аймақтың инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктері жөнінде айтты.

 

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бұл – ең алдымен, көне шаһардың халықаралық аренадағы биік абыройы және ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен әрбір азаматтың еңбегіне берілген әділ баға. Түркістан өзінің жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық және мәдени-рухани орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы ретте, Президентіміздің Түркістан қаласына айрықша мәртебе беріп, өңірдің дамуын жіті бақылауда ұстап отырғанын атап өткен жөн. Саммитті дәл осы киелі мекенде өткізу туралы бастамасы – шаһардың тарихи рөліне деген зор сенімнің айқын көрінісі».

 

Әкімнің сөзінше, өткен жылы аймақтын сыртқы тауар айналымы 3,5 миллиард долларға жеткен. Экспорт көлемі артқан. Сыртқы саудада 5 негізгі стратегиялық серіктес мемлекет анықталған. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия. Басқосуда аймақтың экономикалық-әлеуметтік  ахуалы сөз болды. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамыту бағыттары жан-жақты талқыланды. Ал жиынға қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға разылығын жеткізді.

 

15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Түркі әлемінің рухани астанасына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттері арнайы келді. Басқосудың басты тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму». Маңызды жиында мемлекет басшылары ортақ мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Саммиттің негізгі қорытындысы ретінде Түркістан декларациясы қабылданып, тарихи құжатқа қол қойылды.

Дилара Иса