Úı ANONS Облыс әкімі италиялық компанияның президентімен кездесті

Облыс әкімі италиялық компанияның президентімен кездесті

Түркістан облысында халықаралық әріптестікке жаңа қадам жасалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров италиялық Magister Art компаниясының президентімен кездесті. Тараптар туризм, мәдениет және креативті индустрия салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады. Тарихи нысандарды цифрлық форматта таныту мен халықаралық көрмелер ұйымдастыру мәселелері де назардан тыс қалмады.

 

Түркістан облысында халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды кездесу өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров италиялық «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен жүздесті.

 

Кездесу барысында тараптар құрылыс, мәдениет, индустрия және туризм саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, өңірдің туристік әлеуетін арттыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Аймақ басшысы өңірде инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға басымдық берілгенін айтып, жаңа сәулеттік және мәдени жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

 

РЕНАТО САПОРИТО, «MAGISTER ART» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Уақыт бөліп, арнайы қарсы алғандарыңызға рахмет. Қазақстанға келген сайын өзімді бақытты сезінемін. Қарқынды дамып келе жатқан ел. Ұсыныстарды қарастырып, көмегімді көрсетуге, әріптестік орнатуға ниеттімін»

 

Кездесуде мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру, тарихи нысандарды цифрлық форматта таныстыру, халықаралық көрмелер ұйымдастыру және шығармашылық индустрияны дамыту мәселелері кеңінен сөз болды. Тараптар алдағы уақытта өзара байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.

 

Айта кетейік, «Magister Art» – цифрлық технологияларға басымдық беретін, мәдени және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін инновациялық компания. Компанияның негізгі миссиясы – ұлттық мәдени мұраны насихаттау және кеңінен таныту.

Дилара Иса