Мырзағали Айтжанов: Қазақстанға «Боксшылар фабрикасы» қажет

Лондон Олимпиадасы әлдеқашан аяқталса да бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов демалысқа шықпады
Мырзағали Айтжанов

Лондон Олимпиадасы әлдеқашан аяқталса да бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов демалысқа шықпады. Бірден-ақ жаттығуға кірісіп кетті. Әрине, боксшыларға үзіліс қажет. Алайда, алда ел чемпионаты күтіп тұр. Біз оқырмандарымыздың сұрауы бойынша Мырзағали Айтжановты сөзге тарттық. Ондағы ойымыз, алдағы жос-парлары мен Лондон олимпиадасынан неге үкілеген үмітіміз Біржан Жақыповтың жүлдесіз оралғандығын білу болатын.

– Лондон Олимпиадасындағы жеңіс бір жылдың ғана еңбегі емес. Кішкентай кезімнен бергі арманым болатын. Спортшы болып 15 жыл тер төктім. Бұйырған жүлделерді де қоржынға салдым. Алайда, уақыт келіп, қолғапты шегеге ілдік. Содан кейін бапкерлікке ауыстым. Спортшы ретінде мұндай белесті бағындыра алмасам да, жаттықтырушы болып Олимп шыңына шығып отырмыз. Бұл жолғы Олимпиада біз үшін үлкен жетістік.

– Енді қай белесті бағындырсам деп армандайсыз?

– Енді алға қойған мақсаттар көп қой. Армандар бар. Қазақстан құрамасын келешекте әлемдегі епті командалардың қатарынан көрсек деген мақсатымыз бар. Ал енді басында осы жұмысқа келген кезде қасымдағы жаттықтырушыларға айтқан едім, біз осы бір олимпиадаға ғана шәкірт дайындаумен шектелмейік. Осы Ресейде өнер жұлдыздарын тәрбиелейтін «Фабрика звезд» деген жобасы бар ғой, сол сияқты бізде «Боксшылар фабрикасын» құрсақ деп армандаймын. Бокста ендігі мақсат Серіктің ізін басатын жұлдыздарды тәрбиелеу.

– Бұл жоспарды іске асыруды қай жарыстан бастамақ ойдасыз?

– Қараша айында бокстан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бразилияға дайындықты да осы жарыстан бастаймыз. Алдағы жылға басты іріктеу де сол турнирде болады. Төрт жыл деген демде өтіп кетеді, мәселен Бейжің Олимпиадасынан кейін көзді ашып-жұмғанша Лондондағы тартыс басталып та қалыпты. Сол себепті олимпиадаға дайындықты осы Қазақстан чемпионатында бастаймыз. Арасында екі Әлем чемпионаты және Азия ойындары бар. 2013 жылы қазақ жерінде Әлем чемпионаты, ал Азия додасы Кореяда болады. Содан кейінгі әлемдік доданың өтетін мерзімі де, астанасы да белгісіз. Ол Олимпиадаға іріктеу болады. Енді бүгінгі жігіттердің қайбірі ұлттық құрамадағы орнын сақтап қалатынын білмейміз. Ептілік танытқаны ғана дүбірлі жарысқа дайындалады. Ал ол үшін төрт жыл бойы тынбай еңбектеніп, жаттығуларға кірісу қажет. Қай жерде қателік болды және жіберілген кемшіліктер бар екенін анықтайтын боламыз. Бразилиядағы олимпиадада бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, елді қуантамыз деген үміт бар.

Лондон Олимпиадасы әлдеқашан аяқталса да бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов демалысқа шықпады

– Қателіктер көп жіберілді ме?

– Әттеген-ай деген сәттер, әрине, болды. Енді спорт болғаннан кейін мұндай жағдайлар болып тұрады. Бірақ, оған мойынсұнбау керек. Қазақ айтады ғой, жеңілдім деп жасыма дейді, ұтылған жігіттерімізді жұбатып, келешекте жеңістің ауылы алыс емес екенін айттық. Әрине, өкініш болды. Ол жігіттеріміз де «қап» десіп жатты. Бірақ мұнымен өмір бітіп қалмайды. Еңбектенген жігіт соңында бәрібір жеңіске жетеді. Соның мысалы ретінде Серік Сәпиевті келтірсек болады, қаншалықты жеңіліс болды, жарақат та алды, алайда Олимп шыңына шыға білді.

– Серік қолғабын шегеге іледі деген сыбыстар да жүр

– Енді Серікке өкпеміз жоқ. Ол қолғабын шегеге ілемін десе оған ешкім де қарсылық білдіре алмайды. Әрине, боксты жалғастырса болар еді, әлемнің үш дүркін чемпионы болса екен дегенмін. Алайда, Серіктің өз жоспары бар. Енді оны басқа салада көрсек деп ойлаймын.

– Ал Біржанның үлкен спорттағы дәуірі өтті деп айтуға бола ма?

– Уақыт көрсетеді оны. Біржанның мінезі жұмсақ, жуастау бала ғой. Боксқа 14 жасында келді. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарға аз шықты. Өзінің рингтегі бірінші жекпе-жектерін ересектерден бастады. Былайша айтқанда шаршап қалды, уақыты келді деп айта алмаймын. Енді оны өзі шешеді, жеңін сыбанып тұрып кіріссе, әлі де көптеген жарыстарды бағындыруға жағдайы бар.

– Оңтүстіктегі бокс мектебінің ақсауын қалай түсінуге болады?

– Ең бірінші кезекте жаттықтырушылардың ерінбей еңбек етуінен бөлек, күндіз-түні жатпай-тұрмай талантты балаларды іздеу керек. Әр түрлі жағдай болады ғой. Кейде талантты жас-тар келеді, ал кейбір жаттықтырушылардың қабілеті немесе шеберлігі жетпей қалады. Кезінде Нұрғали Сафиулин, Файзулин, Серік Ахашев, Ақжол Асқаров, Олег Кругов сияқты мықты бапкерлер болған. Ал бүгінде жас жаттықтырушылардың шеберлігі аздау, оларға уақыт қажет. Былай айтқанда, боксшымен бірге өсу керек қой. Жаңа айтып өткен бапкерлер көмектесіп ақылын айтып та жүр. Сондай сәтсіз уақыт болып тұр ғой деймін, епті боксшыларымыз кетіп, қолғаптарын шегеге ілді. Содан кейінгі Абдуллаев, Ералиев сынды жастарымыз бар.

Қазақстанға «Боксшылар фабрикасы» қажет

– Мүмкін бокста да легионерлер қажет шығар?

– Легионерлер немесе шет елдік жаттықтырушы болсын, оңтүстікке олардың қажеті жоқ. Өзіміздің бапкерлер жетеді. Солар үйретсін. Өзінің ақылымен бөлісетін бапкерлеріміз баршылық. Мықты боксшыларымыз да көп. Тек уақыт беріп, жоспармен жұмыс жасасақ болғаны.

– Ұлыңыз да ізіңізді басып келеді екен…

– Жұбайым екеуміз төрт перзент өсіріп отырмыз. Соның ішінде үлкенім 15-те. Бекнұр деген ұлымыз бокспен шұғылданып жүр. Ел чемпионатында үшінші орын алған. Келешекте қандай нәтиже көрсететіні әзірге белгісіз. Ал екінші ұлым Бейбарыс грек-рим күресінде жаттығып жүр, Олимпиаданың екеуін де көрді. Алдына чемпион боламыз деп мақсат қойып отырған сияқты. Енді ол өз еңбегінің арқасында. Ал үшінші ұлым Нұрислам жүзумен айналысады, ол да келешекте боксқа келемін дейді. Бойыңды өсіріп ал деп жүзуге бердім. Ал қызымыз Мерей екінші сыныпта оқиды. Жалпы айтқанда отбасымыз спортшылар жанұясы.

– Сәттілік серік болып, Бразилияда топ жаруыңызға тілектеспіз.

Әңгімелескен Сарбиназ Алдабергенова.