Оңтүстікке Асылжан Мамытбеков келді

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауылшаруашылығы министрі
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауылшаруашылығы министрі

Бүгін Оңтүстікке ауыл шаруашылық министрі келді. Асылжан Мамытбековтің бұл іс-сапары Елбасының жыл басында халыққа арнаған жолдауын кезекті рет насихаттауға арналды.

Ауылшаруашылық министрінің бұл келісі Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауын насихаттаудың екінші кезеңіне жатады. Әлем ғаламдық дағдарыстың құрсауынан шыға алмай жатқанда, Қазақ елінде керісінше экономика қарыштап дамып, жалақы, зейнетақы сынды қаржылай көмектер күн санап өсуде. Президент жолдауының мәнін түсіндіруде Мамытбеков осындай мысалдарды тілге тиек етті. Енді қолда бар алтынның қадірін бағалап, мәселелерді шешу үшін келесідей 10 бағытты ұстануымыз ләзім.

Асылжан МАМЫТБЕКОВ, ҚР Ауылшаруашылығы министрі: «Шешу жолдарының бірі ретінде қазақстандықтарды жұмыспен қамту қарастырылған. Неге бұл бірінші бағыт болып аталып отыр? Өйткені, қазіргі уақытта егер жұмыс болса, әрбір қазақстандық отбасы өзінің қажеттілігін өтейді деп айтуға болады».

Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, білім мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру, зейнетақы мен жәрдемақыны жүйелі ретке қою — басым бағыттардың келесі парасы осындай. Асылжан Мамытбеков өз сөзінде ауыл шаруашылық ісінде, әсіресе мақта өсіруде облыстың әр гектардан 27 центнерден ақ алтын алғанын да айтты. Бұл бұрын болмаған көрсеткіш. Сондықтан, саланың одан әрі дамуы үшін «Инвестициялық субсидиялау» жобасы іске қосылатынын мәлім етті. Бұл ауыл шаруашылығының жаңа технологиямен, жаңа әдіспен дамуына көмек беретін әдіс деп көрсетті А.Мамытбеков.

Болашақ ауыл шаруашылық маманы Алтынай бүгінгі насихаттау ісін ерекше ыждағатпен тыңдады. Студентті әсіресе, фермерлерге жасалатын көмек қуантуда.

Алтынай ЖАҚШАНОВА, студент: «Маған ұнағаны, мемлекеттің фермерлерге көмек беретін тұсы. Қазір мәселен, ісін дамытқысы келетін адам көп, бірақ қолында қаражатының жоқ болуы жұмысының кері қарай кетуіне себеп болады. Сондықтан осындай азаматтарға көмек қолы созылса нұр үстіне нұр болған болар еді».

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауын 10 адамнан құралған 8 топ облыстың өзге де өңірлеріне түсіндіретін болады. Министрліктен келген насихат тобы біздің өңірде 30 қазанға дейін жұмыс жасамақ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FSkYncYUBqE[/youtube]