Шымкентке келген ауылшаруашылығы министрі шаруаларға арналған субсидия жайлы сөз қозғады

Шымкентке бүгін бірден үш бірдей министрлік өкілдері ресми сапармен келді. Олар Ауылшаруашылық, көлік және коммуникация, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомстволарының басшылары.

Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков алдымен облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесіп, өңірдегі салалық мәселелерді талқылады. Одан соң Елбасының биылғы жолдауындағы негізгі бағыттарға қатысты жиналыс өткізді. Жиынға әкімшілік құрылымдардың басшыларымен жеке кәсіпті нәсіп еткен шаруалар да қатысты.

Министр диханшылардың биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындығын біліп, олардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Әңгіменің негізгі бағыты ауылшаруашылығына бөлінген субсидиялардың көлемі мен шағын несие төңірегінде өрбіді. Биыл дала жұмыстарына мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан, егіншілер мүмкіндікті пайдаланып, еңбекте біраз тер төгуі қажет деді министр.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауылшаруашылық министрі: «Елбасының биылғы жолдауының оныншы бағытында ауылшаруашылық, агросалаға көп көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде фермаларға жағдай жасау, ірі қара мал мен ұсақ малды өсіруге көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар, техникаға қажетті жанар жағармай да жеңілдікпен ұсынылып,  мал шаруашылығында маңызды жайылым мен жем шөп мәселелері де, тасада қалмады.  Оның үстіне биылғы жылы дала жұмыстарына бөлінген  субсидия да бұрынғы жылдармен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлықтай. Оңтүстік шаруалар биыл тосылып қалмай  егін жұмыстарына, жалпы дала еңбегіне білек сыбана кірісу керек».