Ауыл шаруашылық министрі Шымкенттегі кәсіпкерлердің ісінде ілкімділік барын айтты

Биыл көктемгі дала жұмыстарына мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан егіншілер мүмкіндікті пайдаланып, еңбекте біраз тер төгуі қажет. Өңірімізге келген ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков оңтүстікке жасаған іс сапардан соң осылай деді. Министр алдымен Шымкентте облыс басшысымен кездесіп салалық мәселелерді талқылады. Кейін Төлеби ауданына ат басын тіреп, жергілікті шаруашылық нысандардың жұмысымен танысты.

Министр алдымен «М Нұрай» ЖШС қызанақ және қияр өндіретін жылыжай кешенінде болды. Өткен жылы өндірістің инвестиция көлемі 133 млн. теңгені құраған. Оның 2 млн-нан астамы мемлекеттік бюджет есебінен субсидияланған екен. Былтыр кәсіпорын 150 тонна қызанақ пен 11 тонна қияр өндіріпті.

Ведомства басшысы сапар барысында жеке кәсіпті нәсіп еткен шаруалардың талап тілектерін де тыңдады. Көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, үкіметтің ауылшаруашылық саласына енгізген жаңалықтарымен бөлісті. Әңгіменің негізгі бағыты ауылшаруашылығына бөлінген субсидиялардың көлемі мен шағын несие төңірегінде өрбіді.

Содан соң, министр Мамытбеков «Алтын Дән» ЖШС ірі қара малдың аналық мал басының асыл тұқымды шаруашылық репрадукторының жұмысымен танысты. Бұл нысанның жалпы құны 160 млн. теңгені құраған. Оның 130 млн.-нан астамы «Қаз-Агро» Ұлттық холдингінің даму институттары арқылып қаржыландырылыпты. Соның нәтижесінде өткен жылы өндіріс 6 тонна қымыз, 6 тонна жылқы және 20 тоннадан астам ірі қара мал етін өндіріпті.

Мамытбеков ресми сапарын «Корпорация Атамекен» ЖШС аралаумен аяқтады. Өндірісте сүт , ұн, арпа өндіру және қайта өңдеу бойынша цехтар жұмыс істейді. Сүт цехының тәуліктік қуаттылығы 6000 литрді құрайды. Былтыр бұл кәсіпорын 230 тонна сүт өндіріп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Министр Шымкенттегі кәсіпкерлердің ісінде ілкімділік барын айтты. Сөйтіп өнімнің өрісі кеңеюін тіледі.