Оңтүстікке Мәжіліс депутаттары келді

Бұл үш апталық өнім
Мәжіліс депутаттары бұған дейін Солтүстіктегі шаруалардың жай-күйімен танысқан

Оңтүстікке бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары келді. Аграрлық мәселелер комитеті мүшелерінің саны алтау. Төлеген Ибраев, Айқын Қоңыров, Әлихан Тойбаев, Ұласбек Сәдібек, Розақұл Халмұрадов және Анатолий Маковский. Халық қалаулылары жоспар бойынша оңтүстіктің ауыл шаруашылығы жұмыстарының нәтижесін көруге келген.

«Жеке қосалқы шаруашылық туралы заң». Аталмыш қағидаға ұсыныстар енгізу үшін халық қалаулылары бүгінгі іс-сапарды ұйымдастырды. Депутаттар жазда Солтүстіктің шаруаларымен кездескен-тін. Оңтүстіктегі жүздесу Ордабасы ауданындағы «Аделя» серіктестігінің жылыжайында жалғасты. Қияр өсіру қолға алынған шаруашылықта жылына 6 мың тонна өнім өндіріледі.

Төленді ЕРМЕКБАЕВ, Серіктестіктің атқарушы директоры: «Жыл сайын екі рет өнім аламыз. Осы еккен өніміміз қаңтардың 15-не дейін өнім береді. Оған дейін профилактикалық жұмыстар істеп, жаңадан егіп, 15 маусымға дейін тағы да өнім аламыз».

Бұл үш апталық өнім

Ұласбек Сәдібек пен Розақұл Халмұрадовтан басқа депутаттар өзге облыстардан сайланған халық қалаулылары. Сондықтан «Ордабасы Құстағы» жасалып жатқан жұмыс оларға таңдай қақтырмай қоймады. Айта өткен жөн, аталған құс фабрикасында ет өңдейтін үш түрлі цех бар. Соның шұжық өңдейтін цехында жұмыс істейтін 10 адам күнделікті шұжық өңдеп, өнімнің 24 түрін шығарады.

«Асар» шағынауданындағы ілкімді істер де біраз жұрттар үшін көп үлгі. Жылыжай егіп, қарызын өтеуге асыққан ондағы қандастар Үкіметтен келген үлкен басшыларға алғыстан басқа айтар таппады. Яғни, проблема жоқ, көңіл шіркін тоқ дейді.

Төлеген ИБРАЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «ОҚО-да дәл осындай жағдай бар деп мен еш уақытта ойламаппын. Әрине, қағаздың бетінде, көгілдір экрандарда бір дүниелерді көрсетіп жатады. Бірақ жүз рет естігенше, бір рет көр деген атамыз Қазақтың сөзі бар ғой. Мұнда енді қарасам, алақандай жерде отырып, азаматтар үлкен тірлік жасап жатыр».

Ақордадан қонақ келе қалса, көрсетіле-көрсетіле жауыр болған осы бірнеше нысанды тілшілер қауымы да айта беруден жалықтық, рас. Заңға өзгертулер мен түзетулерді енгізу үшін жекелеген шаруалардың ой-пікірін білуге келген депутаттарды осылайша шығарып салдық. Айтпақшы, халық қалаулылары ертең Төлеби мен Сайрам аудандарына жол тартады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=36XmbK3BbFc[/youtube]