Мәжіліс депутаттары халықтың күнкөріс деңгейін көтеруді ұсынды

126

Қазақстанда шамамен 1,5 млн. халық күнін әзер көріп жүр. Осылай деген мәжіліс депутаттары Вице-Премьер Ералы Тоғжановқа сауал жолдады. Халық қалаулылары елдегі әлеуметтік жағдайды көтеруді талап етіп отыр. Бірі ең төменгі күнкөріс шегін арттыруды ұсынса, енді бірі әр балаға 36 мың теңге жәрдемақы тағайындалуы керек дейді.

Қазақстанда кедей деп танылған адамдар саны– 998 мың. Бұл 2021 жылғы ресми статистика. Алайда мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мұнымен келіспейді. Сарапшылардың пікіріне сүйенген халық қалаулысы елде 1,5 млн. азамат күнін әзер көріп жүргенін жеткізді. Яғни, қазақстандықтардың күнкөрісі жоғары деп айтуға келмейді.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 – пайызын құрайды. Бұл – ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңірі шыққан» кедей болуың керек».

Ерлан Саиров депуттатық сауалында ең төменгі күнкөріс шегін арттыру керек екенін де айтты. Сондай-ақ, жалақысы аз адамдарды табыс салығынан босатып, жыл сайын инфляцияға сәйкес айлықты өсіріп отыруды ұсынды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Nur-Otan» партиясының фракциясы кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп есептейді: Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру»

                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева