Халық қалаулылары жастармен кездесу өткізді

169

Бүгін Шымкентке Мәжіліс депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Мақсат Раманқұлов келіп, қаланың әр түрлі саладағы үздік жастарымен кездесу өткізді. Жиында қоғамдағы өзекті мәселелер сөз болып, халық қалаулылары жастардың көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берді.

Бүгін Шымкентке арнайы сапармен Мәжіліс депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Мақсат Раманқұлов келді. Олар жастар ресурстық орталығы нысанын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысып шықты. Ал сол жерде жұмыс істейтін қызметкердің бірі жастар арасында өзекті болып тұрған мына мәселені халық қалаулыларының назарына ұсынды.

«Таза ұстайды 68 мың теңгені, біреуге 68 мың жететін шығар, біреуге жетпейді».

Яғни, бұл қызметкердің айтуынша, жастар мемлекеттік бағдарламамен тұрақты жұмысқа орналасып жатыр. Алайда, айлықтың аздығынан көп өтпей, басқа жерден екі қолға бір күрек іздейтін көрінеді. Халық қалаулылары, осы сынды мәселелерді назарға алып, ұсыныс болса, шешуге тырысатынын жеткізді.

Фахриддин Қаратаев, Мәжіліс депутаты: «Сіздердің мәселелеріңіз бойынша, парламентте көптеген мәселе көтеріліп жатыр. Жастарымыз қазір жұмыс істейді, ал бірақ сол істеген жұмысына лайық айлықтары болса. Не үшін осы жерге келіп отырмыз. Келген мақсатымыз да сол. Бірінші, біз білейік, тікелей осылармен қарым-қатынаста болып біліп алайық деп. Сондықтан осы мәселеге өздеріңіздің ұсыныстарыңыз болатын болса, көрсетіңіздер».

Содан соң мәжіліс депутаттары биыл Тәуелсіздік қарсаңында әр түрлі салада үздік деп танылған жастармен кездесу өткізді. Жиында жастар қоғамда орын алып жатқан түйіткілді мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Фахриддин Қаратаев, мәжіліс депутаты: «Бүгінгі мақсат – жастарымызбен талай сұрақтар туындады. Жастарымыздың ой-пікірлерін тыңдадық. Ол кісілермен өзіміздің ойымызбен бөлістік. Бұл әрине, біздің болашағымыз үшін, келешегіміз үшін үлкен бір маңызға ие болады».

Айнұр Жандарбаева, «Авиценна» медиаорталығының меңгерушісі: «ҚР Ассамблеясынан келген депутат мырза яғни, Қазақстандағы өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлт өкілдерінің жұмыс барысын, іскерлігін, студенттердің арасында болатын жағдаяттарға өте үлкен мән берді, көңіл бөлді және біз соған ырзамыз. Алдағы уақытта жұмыс нәтижесін бірге көреміз деген ойдамыз».

Соңында депутаттар Азаматтық ресурстық орталығының жұмысымен танысып көруге барды. Үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесу өткізді.

Әлихан Файзханов