Ерсұлтан Әмірбек: «Отырар» – менің әліппем»

Ерсұлтан Әмірбек
Ерсұлтан Әмірбек

«Отырар» телеарнасында қызмет еткен, бүгіндері есімдері елге танымал журналистермен сұхбатымыз әрі қарай жалғасады. Бұл жолы «Отырардан» кейін республикалық бірнеше телеарнада қызмет атқарған Ерсұлтан Әмірбекті сөзге тартқан едік.

– Ерсұлтан, көзі қарақты, көңілі ояу оқырман сізді бұрынғыдай телеарналардан іздейді. Таппайды. Қандай қызмет атқарып жүрсіз?

– Шымкент туралы ән де, әзіл де көп. Шымкентте не жоқ, бәрі бар. Бірақ қарап тұрсам, «Шымкентфильм» жоқ екен. «Қазақфильм», «Өзбекфильм» тағы басқа осындай толып жатқан фильмдер ошағы бар. Содан ойлана келе Оңтүстікте осы өнерді дәріптейін деп «Шымкентфильм» студиясын аштым. Түрлі фильмдер, телехабарлар түсіріп жатырмыз. Елден сүйінші сұрар жақсы жаңалықтарымыз да бар. Бірнеше телехабарлардың жобасын жасап, эфирге лайықтап та қойдық, жақында республикалық арналарда көрсетіліп қалар.

– Халыққа сіз «Отырар» телеарнасы арқылы танылдыңыз. «Отырарда» қызмет атқарған күндеріңізді еске аласыз ба?

– Негізі саналы адам туған жерін, қызмет еткен ортасын мақтап жүруі керек. Мені «Отырар» атауымен екі қасиетті ұғым байланыстырады. Ол қасиетті Отырар жерінде туылғандығым. Ал тележурналистикада тұсауымды кескен осы «Отырар» телеарнасы. «Отырар» ТА менің тележурналистикадағы әліппем. Сол үшін де ыстық. Қолыма микрофон ұстап, камераның алдында қысылып-қымтырылмай сөйлей білу секілді толып жатқан телевидение қырларын алғаш ашқан қара шаңырақ осы жер. Өзімнің түр келбетім сұстылау болғасын ба, сондай хабарларға сай болса керек, салмақты хабарларды жүргіздік. Мен «Отырар» телеарнасына 1996 жылы келдім. Сол кезде де басшымыз Валентина Куприянқызы болатын. Ол жылдары телеарна «Караван» авторлық студиясы деп аталатын. Қазіргі Қазыбек би көшесі мен Түркістан көшелерінің қиылысындағы ғимараттың 3-ші қабатында 2 бөлмеде жұмыс істедік. Бухгалтерия, әкімшілер, журналистер сол аядай екі бөлмеде отыратынбыз. Қазақ редакциясында 4 журналист бар еді. Бастығымыз Асан Келесбай, Гүлжан Пернебекова және мен, сосын марқұм әріптесіміз Гүлжахан Тұрарова болды. Бас аяғы 4 тілші «Ақпарат ағынын» жаңалықтарды жасаймыз. Оны жүргіздік те. Ол заманда қазіргідей техника тіпті түсімізге де кірмеген. Суфлер деген жоқ, жазғанымызды жаттасақ та, әйтеуір әупірімдеп айтып беруші едік эфирден. 4 журналист бір шай столы секілді стол басына жиналып алып, құжырлап, жаңалықтар бағдарламасы мен хабарлар дайындайтынбыз.

Кезінде түрік елінде арнайы квотамен оқуға барамын деп арабша сауат ашқаным бар еді. Сол себеп болды да, «Ислам нұры» атты діни хабар жүргіздім. Сосын шамалы уақыттан соң Ғани Ілияев көшесіндегі 47 үйдегі ғимаратқа көшіп келдік. Зәулім сарайға көшіп кіргендей марқайып, екі адамға бір кабинеттен тиіп, мәз болып қалғанымыз бар.

Ал телеарнаның қазіргі ғимаратына қарап, тіптен сүйсінесің. Не деген ғажап?! 20 жылдың ішінде осындай жетістіктерге жеткеніне қуанасың. Қазір осындағы журналистерге қарап қызығып та, қызғанып та қараймын. Неге біздің кезімізде осындай жағдай болмады? Неге біз осында зәулім ғимаратта, кең студияда жарқырап отырмадық деп ойлайсың.

– Телеарна журналистеріне қойылар талаптар да 20 жылдың ішінде өзгергені даусыз. Қазір «Отырар» ТА-ғы тілшілер мультимедиялық журналистиканы меңгеруде. Телеарна жанынан «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері шығады, жеке портал, сайттары бар. Бүгінгі журналистер, міне, осы үш бағытта жұмыс істейді.

– Иә, «Отырар» телеарнасы 20 жылдың ішінде шығармашылық жағынан өсті, өнді. Мультимедиялық журналистиканы меңгеріп жатқанына қуанамыз. Бірақ тағы да алға ұмтылу керек. Неге «Отырар» ТА-сы жанынан радио ашпасқа?

«Отырар» телеарнасында қызмет еткен, бүгіндері есімдері елге танымал журналистермен сұхбатымыз әрі қарай жалғасады

– Қолыңызға микрофон алып, жаңалықтардың бел ортасында жүрген кезіңізді сағынбайсыз ба?

– Сағынам, сағынғанда қандай?! Әріптестерімді сағынам. Өте ыстық. Алғашқы әліппем «Отырар» ТА-сы болса, одан кейін «Қазақстан-Шымкент» ТА-да істедім. «Қазақстан» ҰА-ның ОҚО-ғы тілшісі, «Хабар» ТА-ның Өзбекстандағы тілшісі болып 2 жыл, Тараздағы тілшісі болып 5 жыл жұмыс істедік. Осы жиған-тергенімізді түйіндеп, қазір студия ашып алдық. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы демекші, сол арнада жұмыс істеген кездегі мына бір қызықты жай есімнен кетпейді. Жанар, өзің де, Мұхтар Назаров деген жігіт бар, сол арнада «Күнпарақ» жаңалықтар бағдарламасын жүргіздіңдер ғой. Қазір Мұхтарды телеарнадан көрсем қызықты, күлкілі оқиға есіме орала береді. Жаңалықтар басталып жатыр, Мұхтар тікелей эфирде елмен амандаса бергенде артындағы декорация үстіне құлап кетпесі бар ма? Көрермендерге тамаша көрінетін декорация жәй ғана шегеге ілініп қойылған плакат секілді бірдеңе тұғын. Сонда да Мұхтар саспай үстіндегі декорациясымен елмен дидарласып, жаңалықтарды үзген жоқ. Бұл да бір естен кетпес қызықты сәт. Сосын тағы бір қызықты оқиға былай болды. Марқұм Бекзат Саттархановтың басына ескерткіш орнатайын деп жатыр. Түркістан қаласына іссапармен бір топ журналист көлікте кетіп барамыз. Бізді сол кездегі облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Кеңес Исмаилов бастап, қасымда журналист, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжан бар. Ол өзі аңғал, аңқылдақ жігіт қой. Мен ұйықтап кетіппін. Ұйқымнан ояна бере есінеп, бетімді ұйқысырап сипап жатсам, қасымда отырған Бақтияр Тайжан зират тұсынан өтіп бара жатыр екенбіз деп қалды да, «Жатқан жерлері жайлы болсын. Әумин!» деп дұға жасап, бетін сипап отыр. Әбден күліп алғанбыз әріптестер сонда. Тағы бір естен кетпейтін бір жай, Жамбыл облысында «Хабар» арнасының тілшілік қызметінде жүрген кезімде осы облыстағы «Қазақстан» ҰА-ның тілшісі Бақытжан Сәбетұлы деген жолдас әріптес жігітті әбден сілесін қатырып алдағанымыз бар. Қасымдағы әріптесім Алма Оразбаеваның баласы ауырып қалып, жұқпалы аурулар ауруханасына барғанбыз. Қарсы алдымыздан көлікпен қала әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісін көрген едік. Кейіннен ол хабарласып: «Ерсұлтан, жаңа ауруханада жай жүрсіңдер ме? Көлікте Бақытжан Сәбетұлы бар еді. Ол «мына «Хабардың» жігіттері жай жүрген жоқ. Ауруханада бір жағдай болған ғой» деп сендердің іздеріңе түсіп, адасып қалдық. Бірақ Бақытжан қатты уайымдады. «Хабар» бұл жаңалықты көрсетіп қойса, «Қазақстан» ҰА-лар бәле болады деп» дейді. Сосын қалжыңдасып жүрген қаламдасымды әзілмен бір қатырайын дедім. Телефонына хабарласып, ауруханада кене шағып үш адам қайтыс болыпты деп жібердім. Ол болса аурухананың бас дәрігерін, одан департамент бастығының төбе шашын тік тұрғызады. Дәрігерлер республикалық арна тілшісіне : «Қыста қандай кене?» деп дес бермесе керек. Сосын мен Бақытжанға айттым: «Қыста шаққан кене үлкен сенсация емес пе?! Ондай да болады екен. Сенен жасырып жатқаны ғой» деп жібердім. Астанадағы «Қазақстан» ҰА-ның жаңалықтар бағдарламасының жетекшісі Думан Хамит жолдас жігіт. Оған телефон соғып: «Бақытжанға осындай жаңалықтың болғанын айт. Бірақ бұл әзіл» деп қойдым. Ол да Бақытжанға хабарласып, бұл жаңалықтың ғаламторда тарап үлгергенін айтып, жылдам жіберуін талап етеді. Кешкісін Бақытжан бізден перегонға сюжет алуға келгенде бір-ақ айтып, сосын сыралатыееееп қайтқанымыз бар.

– Иә, мұндай жаңалықтар тек әзіл күйінде қалсын. Тележурналистикада тұсауыңызды кескен «Отырар» ТА-ның ұжымына , көрермендеріне қандай тілегіңіз бар?

– «Отырар» журналистердің үлкен мектебі, шеберлік ұстаханасы. Әлия Бөреева секілді Астана, Алматы төрінде, талай республикалық телеарналардың қызметкерлері осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан. Басшының талапшылдығы мен жаңашылдығының арқасында телеарна түлеп келеді, уақыт талабын дөп тауып жатыр. Алдағы уақытта да бұл үрдіс тоқтамайды деп сенемін. Көрермендеріңіз көбейсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Жанар Есенбекова