Тастанды Мүсірәлиевалар аналарын іздейді

402
Ақерке мен Ұлбосын аналарын күтеді
Ақерке мен Ұлбосын аналарын күтеді

Ақерке мен Ұлбосын Мүсіралиевалардың  бұл орталыққа келгендеріне екі айдың жүзі болды. Содан бері екеуі бір-бірінен айрылған емес. Жеті жасар Ақерке мектепке барып, қолына әліппе ұстапты.

Ақерке Мүсірәлиева, тастанды қыз: «Сіңіліме қарап жатырмын, сабаққа бардым. Апайлар жазуды, оқуды үйретіп жатыр».

Арсыз ата-анасы тастап кеткен төрт қыздың қалған екеуі бөбектер үйінде. Қыздардың арсыз ата-аналары іздестірілуде. Орталық қызметкерлері тасжүрек ананың қыздарын алып кетуге әлі де мүмкіндігі барын айтады.
Сәуле Оңғарбаева, әлеуметтік педагог: «Қыздардың ата-аналары іздестірілуде. Шардара ауданы мен Алматы қаласына сұраныс хат жібердік. Шардара бұл қыздардың аналары ол жерде босанбаған және АХАТ бөлімінде тіркелмеген деп жауап берді. Алматыдан күтіп отырмыз. Келешекте аналарын тауып, табыстырамыз деген ой бар. Егер анасы қыздарын телеарналардан көріп тұрса, бізге келуін сұранамыз. Қыз баласы қанша дегенмен анасына жақын, іздейді».

Ойын баласы Ұлбосынға әпкесі болса болғаны. Жанынан бір елі қалмайды. Көздері жәутеңдеп, ата-анасын және сіңілдерін сағынғандарын жасырмады.
Қыздардың денсаулықтары жақсы. Жағдайлары бірқалыпты. Бірақ, өз үйі мен отбасын іздейтіні айтпай-ақ белгілі. Тәрбиешілеріне бауыр басқандарымен әкелерін көптеп айтып, келе ме деп сұрайды екен? Бала тілек қабыл болмаса, төртеуі де жетімдер үйін паналамақ.