Демеушілер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сый тарту етті

174

Сайрам ауданында орналасқан №4 балалар үйінде 1-маусым мерекесі аталып өтті. Арнайы сыйлықтары мен мерекелік бағдарламасын әзірлеген демеушілер бүлдіршіндерді ерекше көңіл-күйге бөледі.

Балалар үйінде 1 маусым күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, мейрамды жоғары деңгейде атап өтті. Ал тәтті қылығымен көпті тәнті еткен балаларды демеушілер қуантты.

Шымкент қалалық бокс федерациясының директоры Асқар Тұрысбеков пен қалалық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков және «Динамо» спорт кешенінің ұжымы сый тарту етіп, балалардың жүзіне күлкі сыйлады.

Жүздері бал-бұл жайнаған балалар сый үшін алғысын айтып, мәз-мейрам болды. Ал қалалық полиция департаменті мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылып отыратынын жеткізді. Сондай-ақ балалар үйіндегі полиция болуды мақсат еткен әр бүлдіршінге қолдау білдіруге дайынбыз деді.

Қайрат Дәлбеков, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы: «Біріншіден, сіздерді мерекемен құттықтағым келеді. Балалар құқығыны қорғау күні. Балалардың дендері сау болсын, амандықта саулықта өсе берсін. Мемлекет басшысы 2022 жылды балалар жылы деп белігіледі. Полиция департаментінің қызметкерлері әр уақытта қолдауға дайынбыз. 2018 жылдан бері біздің департамент осы балалар үйіне куратор болып белгіленген».

Концерт арнайы жасақтың өнерімен жалғасын тапты. Спорт алаңында арқан тартыс ұйымдастырылып, балалар ерекше көңіл-күйге бөленді.

Әлібек, балалар үйінің тәрбиеленушісі: «Маған концерт ұнады. Мен өскенде полиция болғым келеді».

Сондай-ақ полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков балалар үйін аралап, жай-күйімен танысты. Ондағы бүлдіршіндердің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын бақылаған генерал, балалардың сапалы білім алып, жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін алдағы уақытта барлық мүмкіндікті қарастыру керек екенін айтты.

 Мөлдір Ибадуллаева