Жетімдер үйіне түсетін балалар саны азайып келеді

58

Бұл үшінші мегаполистегі өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталықтарының бірі. Мұнда дүние есігін ашқан уақыттан бастап ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен отбасылық мәселелердің салдарынан панасыз қалған жандар өмір сүреді. Тағдырдың қиын сынағына тап болған балғындарға жауапты мекемелер барынша қызмет етіп, балалар үшін күні-түні еңбек етуде.

Лаура Боранбаева,  № 2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының директоры: «Бүгінгі таңда біздің мекемеде 36 бала, яғни, 18 қыз және 18 ұл тәрбиеленушіміз бар. Бір баламыз бала-бақша жасында, ал қалған 35-і мектеп жасындағылар».

Аталған мекемеге балалар арнайы соттың шешімімен мәртебесі анықталған соң жіберіледі. Мұнда сонымен қатар ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары мен әке-шешесі қайтыс болған бүлдіршіндер қоныстанады. Орталықтағы тәрбиеленушілердің қолайлы ортада өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан тікелей көмек көрсетіледі.

Лаура Боранбаева, № 2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының директоры: «Салыстырмалы түрде айтсақ, соңғы 3 жылдың ішінде орталыққа келуші  балалар саны азаю үстінде. Бүгінгі таңда ата-аналар мектебі бар. Сол мектепте ата-аналарды оқытамыз. Ол кісілерге біздің мамандар психолог, заңгерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде олар не біздің мекемеден, не басқа мекемеден, не Қазақстан бойынша орналасқан мекемелерден өзі бала асырап алу мүмкіндігіне ие болады».

Баланы асырап алу өте маңызды әрі жауапкершілігі мол іс. Сондықтан ата-ана болғысы келетін азаматтарға қойылатын бірқатар талаптар бар. Мәселен баланы асырап алғыңыз келсе, міндетті түрде мемлекет бекіткен емтихандардан өту қажет. Бұл баланың қайтадан балалар үйіне қайта оралмауына мүмкіндік жасайды, дейді мамандар.

Асырап алушы әйел мен ер адам да ата-аналар мектебінің сертификатын алуы басты назарға алынған. Жаңа отбасыдан тағы психологиялық травма алмау мақсатында болашақ асыраушылармен осылайша тығыз жұмыс жүргізіледі. Айта кетейік, аталған нысан қазіргі уақытта 70 баланы өз қамқорлығына алуға қауқарлы.