Балалар үйіндегі балғындарға есте қаларлық мереке сыйлады

80

№4 балалар үйінде футболдан спартакиада өтті. Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шарада бүлдіршіндер екі топқа бөлініп, адал бәсеке мен әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ал Transtelecom компаниясы балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін арнайы аниматорларды шақырды.

Төртінші балалар үйінің тәрбиеленушілері футбол алаңында бір-біріне қарсылас болса да, матч аяқталған соң, келесі ойын тобындағы достарының жанкүйеріне айналды.

Балаларға ерекше мерекені «Транстелеком» компаниясы ұйымдастылып берді. Мекеменің Шымкент қалалық филиал директоры бұл шара балалардың спортқа деген қызығушылығын оятатынын және топтық ойындар командалық рухты нығайтуға көмектесетінін айтады.

Саян Әшірбеков, «ШымкентТранстелеком» АҚ филиалының директоры: «Біздің Транстелеком компаниясында жыл сайын спартакиада өткізіледі. Шымкент қаласында осымен 5-ші рет ұйымдастырылып отыр, ал балалар үйінде алғаш рет өткізіп отырмыз.  Спартакиаданың қажеттілігі – спортқа балалардың қызығушылығын арттыру. Биыл біз минифутболды таңдадық – бұл рухты біріктіреді, балалар команда болып ойында жеңіске жетеді».

Әр жыл сайын бұл мерекені балалардан бөлек ұстаздар да асыға күтеді. Себебі олар, мұндағы әр баланы өз перзентіндей көреді. Оларға өз ата-анасындай қамқорлық көрсетіп, көңіл күйінің көтеріңкі болуын қалайды.

Ақмарал Мұсабек, №4 балалар үйінің тәрбиешісі: «Бүгін біздің балалар екі командаға бөлініп, футбол ойнады. Бұл балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін үлкен мереке, әрбір іс-шара баланың ашылуына, өз ойын жеткізуіне көмектеседі».

Тартысты өткен бұл спартакиадада жеңімпаздар мен жеңілгендер жоқ – екі команда да жақсы өнер көрсетті. Транстелеком компаниясының өкілдері балаларға медальдардан өзге де керемет сыйлықтар тарту етті. Олар: теннис үстелі, доптар және теледидар!

Аниматорлар, түрлі билер, ойындар, фуршет үстелі мен сыйлықтар. Мерекенің сәнін кіргізген осындай керемет дүниелерге толы болған салтанатты жиын, балалар үйі тәрбиеленушілерінің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Әсел Мәлік