Оңтүстікте полицейлер 504 қылмысты есептен жасырып қалған

полицейлер пәрменін пайдаланған ба?
полицейлер пәрменін пайдаланған ба?

Осыған орай, 10 полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, соның 6-ы сотты болды. Бұдан бөлек, облысымызда соңғы 9 айда қылмыс саны 32 пайызға артып отыр. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратурада айтылды.

Әріпхан Пірімбеков, облыстық прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы: «Былтыр сәуір-желтоқсан айлары аралығында 504 есептен жасарылған қылмыс анықталған. Соған байланысты ішкі істер органының 10 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның 6-ы сотты болған».

Пәрменін асыра пайдаланған полицейлердің аты аталып, түсі түстелген жоқ. Тек белгілі болғаны, осындай олқылықтарды қадағаламағаны үшін басшылық құрамдағы 4 лауазымды тұлға жылы орнымен қош айтысқан. Жасырылған қылмыстардың дені бұзақылық, тонау, қарақшылық, алаяқтық сияқты әрекеттер. Мұның барлығы былтырғы әрекеттер. Тіркелген қылмыстардың тең жартысы ғана есепке алынып, қалғаны жең ішінде жасарылған. Бұл былықтың беті биыл ашылғандықтан, тіркелген қылмыстың саны артып отыр.

Әріпхан Пірімбеков, облыстық прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы: «Ағымдағы жылдың 9 айында облысымызда 32,9 пайызға қылмыс саны ұлғайған. Қылмыстылық деңгейі 10 мың адамға шаққанда 84 қылмыстан болады. Ал жалпы Республикада 52,5 пайызға қылмыс саны артқан».

Прокурор облыстағы қылмыс санының өсуі криминогендік ахуалдың нашарлауынан емес деп отыр. Бұл көрсеткіштер былтырғы жасырылған қылмыс есебінен өскен. Жұмыстың күшейтілуі мен арыз-шағымдарды тіркеудің электронды нұсқаға көшуі осындай нәтиже беріп отыр. Демек, былтыр қылмыстық процестерде бірқатар азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылды деген сөз.