ХҚТУ перзентханасының есігі жүкті әйелдерге уақытша жабық. Соңғы 10 айдың ішінде 1400 ана босанған орын қазір жөнделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жылдағы жоспарлы жөндеу жұмыстары.
Ғания Үсенов, ХҚТУ перзентханасы директорының орынбасары: «Санпин талаптары бойынша жөндеу жұмыстары 10-қараша мен 10-желтоқсан аралығында жүргізіледі. Жуып тазалап, әрлеу, сырлау жүргіздік. Дайын болып қалдық».
Ал жұрт арасында «Фосфор» ауруханасы атанып кеткен клиникаға тиесілі қыз-келіншектер денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен №4 перинатальдық орталыққа барып босанады. «Нұрсәттегі» осыдан екі жыл бұрын бой көтерген жаңа перзентханада биыл 7 мыңға жуық сәби дүниеге келген. 130 орындық алып ғимараттың дәрігерлері осы уақытқа дейін бар ананы аман-есен босандырып алғандарын айтады.
Ботагөз Тұрғараева, №4 ОПО акушер-гинекологы: » Орталығымыз 60 орынға арналған. Қазір босанған 58 ана жатыр. Бізге өзге клиниканың ауырлығы түсіп жатқан жоқ. Барлығы жеткілікті. Орын артық десек те болады. Әр бөлмемізде шомылатын орын бар».
Екі қыздан соң ұлды болғанҰлбала Байғабылованың қуанышында шек жоқ. Әлі баласының есімін де қойып үлгермепті. Алғашқы перзенттерін ХҚТУ-нің клиникасында босанған. Ал бұл жолы өзге перзентханаға баратынын жүктілігінің соңғы айында білген.
Жөндеу жұмыстары 10-желтоқсанға дейін жалғасады. Ал оған дейін айы-күні жеткен аналар барлық жағдай жасалған «Нұрсәттегі» №4 перинатальдық орталықта сәбилерін дүниеге алып келетіндеріне қуанбаса, ренжіп отырған жоқ.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ZP_DZcP78Ts[/youtube]