Жүрек жылуын сыйлады

«Жетім көрсең жебей жүр» дегенді қазекең қалай тауып айтқан. Ата-ананың жан мейіріне зәру бөбектерді қолтығынан демеу азаматтық парызымыз.

Бала — болашағымыз. Ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын ұрпақтың қамын бүгіннен ойлауымыз тиіс. Әсіресе, балалар үйінде жәутеңдеген періште пейіл сәбилерге қамқорлық керек-ақ. Республикалық «Бөбек» қайырымдылық қорының бастамасымен өмірге келген «Ризашылық күні» мерекесінің берері мол. Аты айқындап тұрғандай, мерекенің негізгі мақсаты- балаларға отбасылық жан жылуын, жүрек мейірімділігін сыйлау. Бір сәт болса да, қолтығынан демеп, қолұшын беру. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Шымкент мамандандырылған бөбектер үйі жылдағы дәстүрден жаңылмай, мерейлі мерекені атап өтті. Түйткілді тіршілікте сәби күлкісінен асқан бақыт жоқ шығар.

Мерекеде 3 жасқа дейінгі бөбектердің талпынысына куә болдық. Былдырлаған тілімен ән айтып, келістіре билегені көңілге қуаныш сыйлайды. Ата-анасынан ажырап қалса да, өмірге деген құштарлығы таңдандырмай қоймайды. 2-3 жасар бүлдіршіндер Әнұранымызды әуелете шырқап, талайларды елжіретті. Мекеме дәрігері Гүлмира Мірюсупова мұнда әр түрлі ұлт өкілдері барын айтады.

«Соңғы кездері қазақ балаларының саны артуда. Бізді осы жағдай ойлантады. Мұнда балаларға барлық жағдай жасалынған. 3 жасқа дейін тәрбиелеп шығаруға тиіспіз. Тастанды балалардан бөлек, анасы бар бүлдіршіндер де бар»,- дейді Г.Юсупова балалардың болашақ тағдырын ойлап.

Рас, қоғамда қолы ашық, ақжүрек азаматтар жетерлік. Зауытбек Тұрысбеков атындағы қайырымдық қоры маңызды мейрамда қол қусырып отыра алмапты. Қордың вице-президенті Бақтияр Тілеуқабылов сәбилердің қуанышын бөлісуге арнайы келді. Келешек ұрпақтың жағдайына елеңдеп.

Қор басшылығы мекеме ұжымына бағалы сыйлықтар үлестіріп, демеушілік жасады. Қолы ашық азаматтың пайымынша, бір сәт жетімдердің көңілін аулап, тарту-таралғы беру әрбірімізге міндет жүктейді. Шынында, тағдыр тәлкегімен отбасынан айырылған бөбектерді ұмыт қалдырмасақ екен.