Жатақхана: біреу зәру, біреуге керек емес

Жатақханада бос орын барын студенттер біле ме?
Жатақханада бос орын барын студенттер біле ме?

Бүгінде жоғары немесе орта арнаулы оқу орнына түскен студенттерді алаңдататын басты мәселенің бірі – жатақхана. Облыс орталығына білім іздеп келетіндердің дені, яғни әрбір екінші студент ауылдан келеді. Сондықтан да тұрақты баспанасы жоқ оларға жатақхана ауадай қажет.

Талапкерлерді оқуға қабылдарда уәдені үйіп-төгіп, жұмақтай жағдайды жасап береміз дейтін кейбір білім ошақтарында тіпті жатын орын болмай шығады. Барлық оқу орнына топырақ шашудан аулақпыз әрине, өйткені көп ЖОО-ның жатақханаларында бүгінгі талапқа сай заманауи кітапхана мен ғаламтор залдары жұмыс жасайды. Студенттер қосымша ғылыми жұмыстармен айналысып, ғаламтор желісінен керекті мәліметтерді қарап, тегін қызметті пайдалана алады. Жылы, жайлы орында алаңсыз өмір сүруде.

Алайда мұндай жағдай барлық жатақханада қарастырылмаған. Және осындай орынға қолы жетпей жүрген студенттердің қатары қалың. Шымкент қаласында оннан аса жеке және мемлекеттік жоғары оқу орындары бар. Бұл кәсіптік лицейлер мен орта арнаулы білім ошақтарын қоспағанда. Ал облысымызда 18 бен 29  жас аралағындағы жастардың саны 765 мыңды құраса, оның 150 мыңға жуығы студенттер екен. 453 мыңы ауылдық жерлер мен аудан орталықтарынан келіп оқиды. Осы көрсеткішке қарап жатақханаға жете алмай жүргендердің санын болжамдай беріңіз. Оларға көбінесе туысын паналауға немесе пәтер жалдауға тура келеді.

Пәтер демекші, бүгінде пәтерін жалға берушілер де пайданың көзін біліп алған. Аядай бір бөлмеге бірнеше жасты қабылдайды. Студент өз кезегінде тарлығына қарамай мұндай ұсынысқа қалтаның жұқалығына бола көнеді. Бағасы айына 5-7-10 мың теңгеден басталады. Бұл бір шәкіртақыға қарап отыратын студенттердің қалтасына кәдімгідей салмақ.

Осыған орай, біз қаламыздағы таңдаулы оқу орындары арасында жатақханамен қамтылған студенттер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп көрдік.

Студенттердің саны бойынша көш бастап тұрған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде 12500 жас күндізгі бөлімде білім алады. Талапкерлерге арналған 5 жатақханасы бар. Соншама студенттің тек 1700-ге жуығы ғана жатақханамен қамтылған. Мұндағы жатақхана бағасы жылына 15000-17000 теңге аралығында. Мәселе төлемақысында емес. Студенттердің барлығы бірдей жатақханамен қамтылмай отырғандығында болып отыр. Білгеніміздей, ОҚМУ-дың жатақханасында студент үшін барлық жағдай жасалған. Тек, не себепті екені белгісіз, жатақханада тұрғысы келетіндер көп емес көрінеді. Сол себепті де университет жатақханасында әлі де болса 50 шақты орын бос тұр білем. Мұнын себебін тереңірек білгіміз-ақ келген. Тек, студенттердің көбі жатақханада бос орын бола тұра, неге пәтер жалдап тұратындығын түсіндіруден бас тартты.

Ал Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында мәселе басқаша. Мұнда күндізгі бөлімінде оқитын 2023 студенттің барлығын жатақханамен қамту мүмкін емес. Бес қабатты 420 орынды бір жатақханаға әлеуметтік жағдайы төмен, жатақханаға зәру студенттер ғана орналастырылған. Олар жылына 22850 теңге төлейді. Алайда бұл проблеманың орны көп ұзамай толтырылады деп қуантты бізді оқу орнының басшылығы. Өйткені 2013 жылы институттың 11 қабатты жаңа жатақханасы салынып, студенттердің игілігіне берілмек. Бүгінде жобаның тіпті сметалық құжаты дайын.

Өзге оқу орындарына тоқталсақ. Қазақстан Халықтар Достығы университетінде күндізгі бөлімде оқитын студенттердің санын 1877 құрап отыр. 225 орынды жатақханасы бар. Бірақ, студенттердің 63-і ғана жатақханада тұруды сұранған. Яғни мұнда жатақханада бос орын көп. Ай сайын 4000 теңге төлейтін мұндағы студенттер жатақханамыз керемет деп мақтап отыр. Сол сияқты 918 студенті бар «Отырар» университетінде де жатақханада жатуды сұранған 65 студент қана табылған.

ЖОО-дағы жастар ұйымдарының белсенді мүшелерінің айтуынша, жатақханаға орналасуға ниет білдіріп, өтініш жазған студенттердің барлығына дерлік негізінен жайлы орын берілген. Ал кейбір оқу орындарында жоғарыда айтқандай бос орындардың болуы көңілге күмән ұялататыны жасырын емес. Не жатақханада жағдай жасалмаған, не бос орын барын студент жастар біле бермейді. Екінің бірі. Әйтпесе, қымбат ақшаға пәтер жалдап несі бар?!

Махаббат Әбдешова