Несие алып, шаруасын дөңгелетуде

700 мың теңгеге 25 қой, 4 сиыр сатып алдым
700 мың теңгеге 25 қой, 4 сиыр сатып алдым
700 мың теңгеге 25 қой, 4 сиыр сатып алдым

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы кәсіптің нәсібін көрем деген азаматтарға үлкен демеу беруде. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 4 бағытта жұмыс атқарылуда. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Бұл — бір.

Екіншісі, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Бұл үшін кәсіпкерлерге шағын несие беріледі, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлік негіздері оқытылады. Мұның бәрі ауыл кәсіпкерлері үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған зор мүмкіндік. Бағдарламаны іске асырудағы үшінші бағыт  — еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Бұл үшін мемлекет тұрғындарды  экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдеседі. Ал төртіншісі, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.

Міне, осылайша мемлекеттің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, шаруаны өрге домалатудың зор мүмкіндігі туып отыр. «Әрекет түбі – берекет» демекші, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты кәсіп ашып, күнкөрісін жақсартамын дегендерді демеп, қаржылай қолдауды көздейді. Мәселен, Бәйдібек ауданына қарасты Жарықбас ауылының тұрғыны Абдулла Жолдас осы бір мүмкіндікті қалт жібермеді. Іскер азамат шағын несие алып, бүгінде малшаруашылығына мықтап бет бұрып, тындырымды еңбек етіп жүр. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Абайдың осы сөзін кәсіпкер Абдулла жете түсінген. Бала-шағасын қатардан қалдырмай, адам қылып, еңбекпен танытып келеді. Енді, міне, жеке кәсібімен шалғай ауылдың өзінде-ақ кәсібін өрге домалатып, ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосуда.

– «Жұмыспен қамту-2020» бағдар-ламасының екінші  бағыты бойынша 700 мың теңге шағын несие алдым. Өте ыңғайлы. Алған қаржыға 25 қой, 4 сиыр сатып алып, «ГАЗ-53» жүк көлігімді жөндеп, шаруамды аяқтандырдым. Табысым жетерлік. Алдағы уақытта шаруашылықтың өрісін кеңейтіп, қосымша жұмысшы алу жоспарымда бар»-дейді ісі өрге домалаған кәсіпкер Абдулла.

Бағлан Өтегенов, Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығының бастығы

– Енді жұмыспен қамту орталығы тарапынан сол азаматтардың алған несиелері мақсатты жұмсалуына бақылау жасап отырмыз бүгінгі таңда. Енді осындай кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар кішкене көбірек болса, біраз адамды жұмыспен қамтыр еді. Былтырғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 45 жоба мақұлданып, кәсіпкерлік негіздері бойынша өз ісін ашу үшін және өз ісін кеңейту үшін кәсіпкерлерге «Ырыс микрокредиттік ұйымы» ЖШС арқылы 33 кәсіпкерге 65550 мың теңгенің несиесі берілді. Осының арқасында кәсіпкерлер кәсібін дамытып, 17 азаматты тұрақты жұмысқа алдық.

Мұндай шағын несие 6%-дық мөлшерде 5 жылға беріледі. Ал Абдулланың тәуекелі өзгелерге үлгі боларлық. Негізінен Абдулла шаруашылыққа әу бастан-ақ бет бұрған. Бірақ қолындағы мал басын көбейтіп, шаруасының ауқымын кеңейтуге қаржы жағы қолбайлау боп келген. Ал алған несиесіне етті, сүтті малдарды таңдап тұрып сатып алған. Иә, кәсіп  ашқандар «бұл несие жеңіл», – дейді. Алайда, айта кету керек, бұл  коммерциялық мақсатқа берілмейді. Еткен еңбегің – күнделікті күнелтісің, артық тапқаның – несиеңді жапқаның.

Жалпы, бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру. Мақсатқа қол жеткізу үшін бірнеше міндет жүктеліп отыр: өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен нәтижелі қамту. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту да осы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында тындырылатын шаруа. Сондықтан қазіргі таңда азаматтарға «уақтысында оқып, диплом ала алмадым, жұмыс жоқ» деп қайғырудың жөні жоқ. Бағдарлама арқылы бүгіннен бастап білім алып, кәсіпке бет бұруға әлі де кеш емес.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ