Біз көлік, үй, тіпті той шығындары үшін де несие аламыз. Көп жағдайда қаражатты жылдам әрі аз әуремен алғымыз келеді. Делік, алып-ұшып банкке бардыңыз. Ал қаржылық ұйым сіздің атыңызға несие рәсімдеуден бас тартты. «Неге?» деген сұраққа банк қызметкерлері тарапынан да мардымды жауап ала алмадыңыз. Біз сіз үшін осы сауалға жауап іздеп көрдік.
Несие тарихы дегеніміз не?
Бұрын жақындарыңызға қарыз беріп көрдіңіз бе? Ендеше несие тарихын мысалмен түсіндіріп көрейік. Сізден екі досыңыз жиі ақша сұрайды. Олардың бірі — сөзіне берік әрі жауапкершілігі мол адам. Әрдайым қаражатты айтылған күннен кешіктірмей қайтарады. Ал екінші досыңыз, өкінішке қарай, түрлі себептермен ақшаны жиі кешіктіреді. Бұл сіздің жоспарыңызға да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ол азаматқа деген сеніміңіз азаяды. Банк саласында да осыған ұқсас жүйе бар. Сіздің бұрын алған қарыздарыңыз бен мерзімді төлемдеріңіз алдағы уақытта алатын несиеңізге тікелей ықпал етеді.
Барлық банктер мен қаржылық ұйымдардың тұтынушылары жайлы ақпарат Бірінші несие бюросында сақталады. Ол жерде сіздің қай ұйымнан қандай көлемде несие рәсімдегеніңіз, төлем жасаған күндеріңіз бен кешіктірулер жайлы толық ақпарат бар. БНБ арқылы қарыз беруші ұйым түрінде көруге болады. Осындай ақпараттардың қорытындысы сіздің несие тарихыңызды қалыптастырады.
Банктер қандай жағдайда несие беруден бас тартады?
Жоғарыда айтылған мысалдан несиені кешіктіріп төлеу оның тарихына да кері әсер ететіні түсінікті. Дегенмен, егер сіздің несиеңіз 90 күннен артық кешіктіріліп төленсе, тағы да қарыз алу мүмкіндігі тым төмендейді. Ал қарыз кешіктірілсе, бірақ төленген болса, банк қаржылық жағдайыңызды қарастыра бастайды. Айлық табысыңыздың негізгі растаушысы болып саналатын зейнетақы қорындағы ай сайынғы аударымдарды тексеріп алғаныңыз абзал. Сондай-ақ, қазіргі несиелік жүктемеңіз ескеріледі. Егер оның айлық төлемі табысыңыздың басым бөлігіне тең болса, несие ала алмауыңыз мүмкін.
Банктер үшін тұтынушының жауапкершілігі ғана емес, басқа деректері де маңызды. Егер сіз бұрын ломбард немесе микроқаржылық ұйымдарға жүгінген болсаңыз, банктер үшін тәуекелі жоғары азамат ретінде көрінуіңіз мүмкін. Себебі 20–30 күнге дейін пайызға несие рәсімдеушілер табысы төмен, қомақты несие төлеу қабілеті аз жандар санатына жатады. Өз бағалы бұйымдарын саудаға салушылар да несие ала алмауы мүмкін. Адамдар көп жағдайда ломбардты бұйым қабылдаушы дүкен ретінде көреді. Алайда олардың шынайы қызметі — мұндай заттарды тек кепіл ретінде алып, пайызға қарыз беру. Бағалы заттар тек қарыз алушы келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда ғана сатылымға шығарылады. Өз бұйымдарын ломбард арқылы ақшаға айырбастаушылар банк үшін шағын несиені де төлеуге қабілетсіз жан ретінде көрінеді.
Несие алу ойынқұмарлар үшін де үлкен мәселе. 2023 жылы «Банк және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңдарға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес ең кемі 3 рет жалпы көлемі 300 мың теңгеден көп қаржысын құмар ойынға тіккен жандарға да несие рәсімделмейді.
Несие тарихын қалай тексеруге болады?
Несие тарихын тексерудің бірнеше жолы бар. Алғашқысы — Бірыңғай кредиттік бюроның ресми сайты арқылы. Мұнда сіз жылына 1 рет тегін несие тарихыңызды толық көре аласыз. 2 рет тексеру құны шамамен 400 теңге. Келесі әдіс eGov mobile қосымшасы арқылы жүзеге асады. Ол үшін қосымшаны телефонға жүктеп, ЭЦҚ арқылы тіркелу қажет. Қосымшаның «Қызметтер» бөліміне кіріп, «Кредит және сақтандыру тарихы бойынша гид» батырмасын басу арқылы несиелік жағдайыңызды бағамдай аласыз. Мұнда тіпті 100 балдық шкала арқылы да тексерістен өтуге болады.
Несие тарихын жақсартуға бола ма?
Қазір әлеуметтік желілерде «несие тарихыңызды жақсартып береміз» деген жарнамалар тарап жүр. Айтуларынша, Бірыңғай кредиттік бюроның сайтына хат жазу арқылы қарыз алу мүмкіндігіңізді арттырады екен. Олар осы қызметі үшін 5 мыңнан 20–30 мың теңгеге дейін ақы талап етеді. Алайда бұл ақпаратқа сенбегеніңіз абзал. Себебі несие тарихын қолдан бір ғана хаттың көмегімен түзете алмайсыз.
Ол үшін бұрынғы қарыздардың толық өтелгенін тексеріңіз. Мүмкіндігіңізге қарай тағы шағын несие алып, уақытында төлем жасаңыз. Кей мамандардың айтуынша, мерзімінен бұрын қарызды өтеудің несие тарихына тигізер оң әсері өте аз екен. Сондықтан төлемді тек өз мезгілінде жасауға тырысыңыз.
Несие алмас бұрын ескеріңіз
Мамандар несиеге жүгінбес бұрын оның шарттарын мұқият зерделеу қажеттігін ескертеді. Себебі ойланбай алынған несие отбасылық бюджетке салмақ түсіріп, ұзақ мерзімді қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Ең алдымен, несиені мүмкіндігінше төмен пайызбен алуға тырысқан жөн. Мәселен, жылдық 46 пайыздық үстемақы көпшілік үшін ауыр салмақ болуы ықтимал.
Сондай-ақ, келісімшартпен толық танысып, түрлі атаумен көрсетілетін жасырын қосымша пайыздар мен комиссиялардың есептелмеуін талап ету қажет. Мамандар несиені қысқа мерзімге алған дұрыс екенін айтады. Ай сайынғы төлем жоғары болып көрінгенімен, жалпы есепте бұл әлдеқайда ұтымды.
«Негізінен, несиені жоспармен және нақты мақсатта алу маңызды. Негізінде қаржы сарапшылары кәсіп бастау үшін алынатын несиені қолдайтындықтарын айтады. Себебі мұндай несие табыс әкеледі. Ақша тек кіріс пен шығыстың арасындағы құрал емес, ол табыс көзіне айналуы қажет. Ал той-томалақ үшін қарызданып несие алу қаржылық тұрғыдан тиімсіз», — дейді эконамист Ерсұлтан Айбекұл.
Болашақта көлемді несие алуды жоспарлап жүрсеңіз, дайындықты бүгіннен бастаған абзал. Ол үшін ең алдымен несие тарихыңызды тексеріп, артық шығындар мен өтелмеген қарыздарды мүмкіндігінше азайту қажет. Қаржылық сауаттылық — қазіргі нарықтық дәуірдің әліппесі. Біз оқырманға әрдайым нақты мақсаттарға негізделген жоспар аясында өмір сүруге кеңес береміз.
Төлеген Абдрасилов
«Ontystik Rabat» газеті, №1-2







