Түркістан облысы Түлкібас ауданында атыс болып, бірнеше адам жарақат алды. Оқиға орнында бір адам қайтыс болған. Полиция оқиғаға қатысты күдікті ретінде бір адамды қамауға алды. Екінші адам іздестіріліп жатыр.
Түркістан облысындағы жаға ұстатарлық тағы бір қанды оқиға орын алды. Түлкібас ауданында 2 қараша күні түнде атыс болды. Атыстан 4 адам жарақат алып, олардың бірі қайтыс болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
«Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы дереу шықты. Іс-шаралар барысында аз уақыт ішінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олардың бірі ұсталып, қамауға алынды»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Оқтан аман қалған үш адам аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Оқ олардың аяғына тиген. Қазіргі уақытта дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
«Жалпы жағдайлары бірқалыпты, орташа ауырлықта. Екеуі палатада, өзін-өзі күтуге қабілетті. Ем тағайындалған көлемде толық жүргізілуде. Динамикасы оң, жалпы жағдайлары жақсару үстінде»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ
Полиция оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаға қатысы бар екінші адам іздестіріліп жатыр. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Дилара Иса






